Баян-Өлгей аймағын сел басып, 275 үй су астында қалды

Моңғолиядағы Баян-Өлгей аймағын сел басты. Соның салдарынан  275 үй мен ғимарат су астында қалды. Бұл туралы жергілікті Монцамэ агенттігі хабарлады.

Аймақтың арнайы комиссиясы таратқан деректерге сәйкес, бірнеше отбасы зардап шекті. Құтқару жұмыстарына 124 адам, 27 техникалық бірлік, 340 әскер мен полиция қызметкерлері, электриктер жұмылдырылды. Қазіргі уақытта 163 адам қауіпсіз аймақтарға көшірілді. Тағы 95-і Өлгей аймағындағы мектеп жатақханасына орналастырылды. Деректерге сәйкес, адам шығыны тіркелген жоқ.

Төтенше жағдай комитеті қирап қалған ғимараттардың санын шығарып, үйсіз қалған отбасыларға көмек көрсету жұмыстарын бастап кетті.

Метерология және гидрология орталығының хабарлауынша, 21 шілдеге дейін жауын-шашынды болуы ықтимал. Аспан әлі бұлтты.

Айта кетейік Баян-Өлгей аймағында этникалық қазақтар да өмір сүреді.

2016 жылы 10-11 шілдеде қатты жауған жаңбырдың салдарынан Баян-Өлгейді селбасып, 700 адам баспанасыз қалған. Үйсіз қалғандардың арасында этникалық қазақтар да болды. Осыған орай Қазақстандағы белсенді жастар арнайы қор құрып, қандастарымызға көмек ретінде 200 мың долларға жуық қаражат жіберген еді.

Ақпарат көзі: Qamshy.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған