Ғалымбек Юлдашев, бағбан: Бір түп алма ағашы 200 кг өнім береді

Ғалымбек Юлдашев 2000 жылы Шымкенттің іргесінен бос жатқан екі гектар жерді сатып алады. Оған дейін ол зауытта инженер-механик боп жұмыс істеген. Отбасын асырап, тәп-тәуір табыс тауып жүрген ол жұмысын бір күнде тастап, диханшылыққа бет бұрады. Пияз, картоп, қызанақ, қияр егіп көреді. Шығынға ұшырайды. Сосын бір гектар жерді алма бақ жасауға бекиді. 2004 жылы Сарыағаш қаласынан 230 түп алманың көшетін әкеп қондырады. Бүгінде сол еккен көшеттері мәуелі баққа айналған. Көк, қызыл алмалар пісіп, ағаш бұтақтары көтере алмай жерге иіліп тұр. Ғалымбек ағаны біз өзі баптап-өсірген алма бағынан жолықтырдық. Келген мақсатымызды түсіндіріп, сауалымызды жаудырдық.

–  Еккен көшеттерім 5-6 жылдан кейін мол өнім бере бастады. Золотое превосход, симире́нко, жаздық алма, күздік алма, деген сорт еді. Сорт таңдауда оның төзімділігіне, сапасына, дәміне, ірілі-ұсақтығына, жеміс беру кезеңіне байланысты таңдаған жөн. Мысалы, бізде бір гектардағы алмалардың бәрі бірдей уақытта салмайды. Әр сорттың пісетін, үзетін өз уақыты бар. Жаздық алманы теріп, сатып болғанымызда Золотое превосход пісе бастайды. Оны теруге кірісеміз. Біраз жылдан бері дайын өнімді Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласына жөнелтіп жүрмін. Ол жақта алманы сатып беретін таныс адамдарым бар, – дейді Ғалымбек аға.

 

Биыл 50 түп жазғы алмадан 10 тонна өнім алыпты. Ал келесі аптада привисход алмаларды теруді бастайды. Қазір нарттай қызарып тұр. Ол ерте көктемнен қара күзге дейін осы алма бақтың ішінен шықпайды. Барлық жұмысты кенже ұлы екеуі атқарады.

– Қанша еңбек етсең сонша өнім аласың. Барлығы «алманы егіп қойсаң, өзі өсіп, өнім бере береді» деп ойлайды. Олай емес. Әр түп алма ағашына балаңа қарағандай күні-түні қарауың керек. Түбін қопсытасың. Уақытылы дәрі-дәрмек пен дәруменін бересің. Түрлі кеселден қорғайсың. Минералды тыңайтқыш пен дәрі-дәрмекті өз өлшемімен бермесең, қуратып, өлтіріп алуың мүмкін. Португалияда бір маусымда алманы 17-18 рет дәрілейді екен. Сол үшін олардың алмалары, мыңдаған, миллиондаған шақырымды артқа тастап, бізге дейін қаз-қалпын бұзбай жетеді. Ал біздің алмалар ол жаққа жете алмайды. Өйткені біз олар секілді 17-18 рет дәрілемейміз. Ертең алманы жеген адамның, я болмаса кішкентай баланың іші ауырып қалмас па екен, зияны тимес пе екен деп ойлап, әр қадамызды санап басамыз. Биыл алма бақты құрт пен түрлі ауруларға қарсы екі рет дәріледік. Сосын 4-5 рет дәрумендер бердік. Біздің алмаларымыз басқалардікіне қарағанда тәтті. Дәмі өзгеше. Себебі химиялық тыңайтқыштарды жөн-жосықсыз бере бермейміз, – дейді ол.

Алма баққа суды Бадам магистралі каналынан алады екен. «Судан мәселе жоқ» деп сабақтады сөзін.

– Біреу жоңышқасын, біреу жүгерісін, біреу жүзімін суғарады. Бәрімізді тізім бойынша кезекке қояды. Кезегіміз келгенде арық-атызды ашып, су береді. Өзім алма бақты бір айда екі рет суғарамын. Жаздың үш айында алты-жеті рет қанып су ішті. Бұдан бөлек тағы бір гектар жерді де алма баққа айналдырмақпын. Қайбір жылы жаңадан көшет еккенбіз. Ал олардың арасына жоңышқа егіп, орып аламыз. Оны оратын, қат-қабат ғып жинайтын, таситын, тракторым бар. Ескі, әрине. Бірақ тірлігімізге жарайды, істеп тұр, – дейді Ғалымбек аға.

Ол алма баққа қатысты судан немесе дәрі-дәрмек пен минералды тыңайтқыштан мәселе жоқ дейді. Тек жастардың телефоннан бас алмай, қиын жұмыстан қашатынына ренжулі.

– Осы бір гектар жердегі алманы кенже ұлым екеуміз тереміз. Бос жүрген қыз-жігіттерді маусымдық жұмыстарға шақырып, келтіре алмадық. Жастар жұмыс жоқ дейді. Шақырсаң келмейді. Қиынсынады. Оңай жерден ақша тапқысы келеді. Басында ұлым да мойын бұрғысы келмей жүрді. Жекеменшік мекемеде айына 50 мың жалақыға жұмыс істеді. Он айда табатын табысыңды он-он бес күнде санап аласың дедім. Келді, көрді. Қазір алма баққа қатысты жоспарлары көп. Жаздың күндері таңғы бесте алма баққа келеміз. Сағат 11-ге дейін біраз жұмысты бітіріп, сосын сағат 17.00-ге дейін тынығамын. Одан кейін кешкі салқынмен қайта жұмысқа кірісіп, 22.00-23.00-ге дейін жұмыс істеймін. Былтыр көктемде үсік шалып, алма сирек салды. Соның өзінде 1 гектар жерден 6 миллион теңге табыс таптық. Ал биыл алма да, басқа да жеміс-жидек мол салды, –дейді Ғалымбек аға.

Ол «бүгінгі таңда кім өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етсе, сол бақытты» деп санайды. Және кеңес сұрап келушілерге  алма көшетінен бастап, алма баққа дейін айналдырудың қыр-сырымен бөлісуден шаршамайды.

 

Әйгерім Бегімбет

Шымкент қаласы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған