Шамбылай Өскенбаев, кәсіпкер: «11 жылдан бері Мақан-Алмас» шаруа қожалығын басқарамын»

Ауылшаруашылығы саласындағы көп жылдық еңбегі мен ізденісінің нәтижесінде бүгінде шаруашылығын өрге жылжытып отырған Алматы облысындағы «Мақан-Алмас» шаруа қожалығының басшысы Шамбылай Өскенбев өзіндік тәжірибесімен бөлісіп, su24.kz сайтына сұхбат берді.

Жеке кәсібіңіздің қалай бастадыңыз? Бүгінгі күнде шаруашылығыңыз қалай өркендеуде?

– Жеке кәсіпкерлікпен 1997 жылдан бері айналысып келемін. Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылдық округінде орналасқан «Мақан-Алмас» деп аталатын шаруа қожалығым жұмыс атқарып келе жатқанына 11 жылдай уақыт болды. Бұл жеке шаруашылығымда егін және мал шаруашылығын қатар алып келемін. Әуеліде 10 гектар жерді игеруден бастап, бүгінгі күні қарамағымыздағы жер көлемін 110 гектарға ұлғайтып отырмыз. Яғни, 110 гектар егістік, шабындық жерлерімен бірге, 900 гектар таудағы жайылымға арналған жерлеріміз бар. Егін шаруашылығында 27 гектар қант қызылшасы, 23 гектар соя, ал қалған жерлерге арпа, бидай мен жоңышқа дақылдарын егіп, содан өнім алудамыз. Сондай-ақ, малдың санын көтеру мақсатында мемлекеттік бағдарлама негізіндегі несиеге 90 бас асыл тұқымды сиыр сатып алдық. Сонымен өзіміздегі 70-80 бас ірі қарамен бірге бүгінде асылдандыру жұмыстарымен айналысудамыз.

– Ал осы өнімдеріңізді қалай сатасыз?

– Қант қызылшасын жинағаннан кейін Талдықорғаннан алыс емес орналасқан Көксу ауданындағы Көксу қант зауытына өткіземіз. Соя дақылын да солай қабылдап алатын кәсіпорындарға жеткізіп береміз.

– Мемлекет тарапынан қандай көмектер жасалуда және қаншалықты салық төлейсіз?

– Әрине, заң бойынша бекітілген тиісті салық мөлшерін төлейміз. Ал, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдай өте жақсы деп айта аламын. Шаруашылығын дөңгелетемін деген кәсіпкерлерге арналған түрлі бағдарламалар мен несиелердің көмегі орасан зор. Сонымен бірге, ауылшаруашылығын дамыту мақсатындағы түрлі семинарлардың пайдасы мол деп ойлаймын. Мәселен, біраз уақыт бұын «Байсерке-Агро» орталығында болып, семинарға қатысып қайттық. Өзімізге қажетті пайдалы мәліметтерге қанығып, керек деректермен таныстық. Осындай семинарлар тек ірі қалалар төңірегінде емес, ауылдық жерлерде де жиі өткізіліп тұрар болса жеке кәсіпкерлер мен шаруаларға өте пайдалы болар деп есептеймін.

– Ауылдық жерде кәсіпкер болған қаншалықты тиімді?

– Еңбекқорлық адам бойындағы ең жақсы қасиеттердің бірі деп есептеймін. Адам еңбекті сүйсе қай жерде жұмыс бастаса да табысқа жетеді деп ойлаймын. Өзім осы жерде туып-өскендіктен, туған жерде жеке кәсібімді бастап, еңбектенуді жөн көрдім.

– Жалпы судың ауыл шаруашылығындағы маңызы жөніндегі ойыңыз қандай?

– Су – табиғаттың баға жетпес байлығы. Қандай да болмасын тіршілік көзі үшін судың маңызы өте жоғары екені баршамызға белгілі. Сусыз өнім өсіру қиын болғандықтан да шаруашылықта суды барынша тиімді пайдалану айрықша маңызды. Өйткені, шаруашылықтың қай түрі болса да судың алатын орны жоғары. Сол себепті, суды қажетінше және түрлі әдістер арқылы суды тиімді пайдалану жағын қарастыруымыз керек деп есептеймін. Сонымен қатар, жердің құнарлылығын жойып алмау мәселесі де назардан тыс қалмауы қажет. Мәселен, биыл біз егістік жерлеріне 18 тонна селитра мен аммофос сеуіп, жердің құнарсыздануының алдын аларлық жұмыстар жасадық. «Көш жүре түзеледі» демекші, алдағы уақытта бұл мәселелер де көпшілік қаперінде сақталады деп ойлаймын.

– ҚазСуШар сіздің шаруашылқты қажетті сумен қамтамасыз етіп отыр ма?

– Су мәселесі – бүгінде біздегі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жыл сайын көктемде ҚазСуШар-мен келісімшарт жасалады. Жаз бойы бізге су жіберіп отырады. Оған қосымша канал арқылы осындағы Қаратал өзенінен су алынады. Себебі, қант қызылшасын 5-6 рет күні бойына суғару қажеттілігі туады. Сондай-ақ, осы төңіректе 168 шаруа қожалығы бар екен. Олардың барлығы бір уақытта суды жеткізуді талап еткен уақыттарда кішкене қиыншылықтар туындайтыны рас. Дегенмен ҚазСуШар мекемесі қажетті сумен қамтамасыз етуге барынша тырысып келеді.

– Шаруа қожалығыңызда қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз және алдағы уақытқа қандай жоба-жоспарларыңыз бар?

– Қазірше қол астымда 7 адам жұмыс атқаруда. Оның ішінде 3 тракторшы, 2 сушы және 2 малшымыз бар. Енді алдағы уақытта сүт өнімдерін өндіріп, сол саланы да игерсек, қызылша өсіретін жер көлемін ұлғайтып, 100 гектарға дейін жеткізсек, яғни, шаруашылығымыздың ауқымын кеңейтсек деген жоспарларымыз жоқ емес. Жұмыс ауқымын кеңейтер болсақ, жұмысшы саны да артары сөзсіз.

– Ауылдық жерлерде бизнес көзін ашып, жұмысын дөңгелетемін дейтін жастарға қандай кеңес айтасыз?

– Бүгінгі таңдағы маңызды мәселелердің қатарында маман даярлау мәселесі бар. Себебі, ауылшаруашылығына қажетті түрлі мамандарға сұраныс артқанымен, маман тапшы. Мәселен, өз басым осы шаруа қожалығындағы жұмыстарымды бастағалы бері түрлі мамандықтан хабардар жанға айналдым. «Көре-көре көсем боласың» демекші, қажеттілік туындаған жағдайда адам бәріне үйреніп кетеді екен. Қандай да бір мамандқтың ауыр-қиыны болады деп айтуға болмас. Жұмыстың бәрі бірдей қиыншылықтардан тұрады. Алайда келешекте бейнетінің зейнетін көріп отырғанға не жетсін. Сондықтан, қазіргі жастарға айтар ақылым – еңбекқор бола жүріп, дұрыс мамандықты таңдай білу қажет. Соның ішінде қажетті, сұранысы мол мамандықтарды басшылыққа алса құба-құп.

– Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Лина АЙДЫНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған