Марат Әбдуалиев, су саласының ардагері: «Алматы облысы суармалы жер көлемінен бірінші орында»

Су шаруашылығы саласында 35 жылдан астам уақыт еңбек етіп, бүгінде «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облыстық филиалы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқарып отырған ардагер қызметкер Марат Әбдуалиев көп жылғы тәжірибесімен бөлісіп, su24.kz сайтына сұхбат берді.

– Су шаруашылығы саласында 35 жылдан аса ерінбей еңбек еткен ардагерлердің бірісіз. Осы саладағы еңбек жолыңызды қалай бастадыңыз?

– 1973 жылы 15 жасымда гидромелиорация мамандығы бойынша Қызылордадағы политехникумға оқуға түстім. Жұмыс жолымды 1977 жылы оқуды тәмамдағаннан кейін Талдықорған қаласы, Балпық би кентінде қарапайым жұмысшы қызметінен бастадым. Сол жылы күзде Отан алдындағы борышымды өтеуге әскерге аттанып, 1979 жылы қайтып келдім. 1979-1985 жылдар аралығында Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында инженер-гидротехник мамандығы бойынша білім алдым. Сол жылдан бері су шаруашылығы саласында қызмет атқарып келемін. Алдымен совхозда бас гидротехник, кейіннен 11 жыл Көксу аудандық су шаруашылығы басқармасында инженер-гидротехник, 3 жылдай Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының Талдықорған филиалында І категориялы инженер сынды лауазымдарда  қызмет атқардым.

– Жұмыс жолыңызды қарапайым қызметші ретінде бастаған екенсіз. Бүгінде директордың орынбасары лауазымындасыз. Осы су шаруашылығы саласына келуіңізге не себеп болды? Бұл мамандық несімен қызықтырды?

Туып-өскен ортамыз ауылды жер болғандықтан, ата-анамыздан көргеніміз бойынша  алдыңғы аға буынның ізімен осы мамандықтың иесі атануды көздеп, осы салаға бет бұрдым. Әкем ауылда агроном, экономист, гидротехник те болып жұмыс жасады. Сол кісіге қарап бой түзеп, сол кісінің ақылы бойынша осы мамандықтың иесі атану үшін оқуға түскен едім. Сол әке ақылы бүгінде зая кетпеді деп ойлаймын. Себебі, әу баста қарапайым қызметтен бастасам да, ізденіс пен еңбектің нәтижесінде бүгінгі күнге жетіп отырмын.

– Қызығы мен шыжығы қатар жүретін күнделікті жұмысыңызда қандай қызықты немесе қиын сәттер орын алып тұрады?

– Бұл саланың қызықты сәті деп мен былай тұжырымдар едім. Мәселен, егін егіледі. Кіп-кішкентай ғана дәнектен суару, баптау сынды еңбектің нәтижесінде мол өнім алуға болады. Мектепке алғаш аттаған оқушыға «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деп айтып жатушы еді ғой, біздің де жұмыстың қызығын осы бір сөзге балауға болатын шығар. Яғни, еккен егіннен мол өнім алып, шаруалардың алғысы айтылған сәттерді біздің жұмысыздың қызықты сәттері деп қарауға болады. Әрқандай жұмыстың қызығы мен қиындығы қатар жүретіні секілді, біздің бұл салада да қиындықтар кездесіп жатады. Мәселен, табиғаттың тосын апаттарынан біздің су жіберетін құрылғыларымыз істен шығып немесе жарамсыз болып қалып жатады. Сол кездерде шаруаларға тездетіп су жіберіп, сұранысын қанағаттандыру мақсатында түрлі қиындықтармен арпалыса жүріп, жұмыс жасауға тура келеді. Дегенмен, жұмыс атқарылып біткеннен кейін шаруалардың алғысына бөленген сәттер бұл қиындытардың бәрін ұмыттырып кетеді.

– Осы уақытқа дейін Алматы облысы аумағында жұмыс атқарып келесіз. Бүгінде өңірдегі су шаруашылығы еліміздің басқа облыстарымен салыстырғанда қандай деңгейде жұмыс жасауда?

Облысымыз суармалы жер көлемі жөнінен республикада бірінші орынды алады. Өңірдегі жұмыс қарқыны күннен күнге дамып, бүгінгі таңда өзге облыстардан оқ бойы алда келе жатыр деп айтуға болады. Біздің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облыстық филиалы жыл сайын бекітілетін жоспарларды өз уақытында, артығымен орындап отырады. Сол себепті де республика көлемінде жоғары көрсеткіш бойынша жыл сайын алдыңғы қатарлардан орын алып отырамыз.

– Ал осы саланың бүгінгі жас буыны – жас мамандардың жұмысы көңіл көншіте ме?

–  Әрине, көңілім толады. Бірақ, олардың оқыған білімдеріне көңілім толмайды.

– Осы саланың көпшілік ардагерлері осы мәселеге келгенде дәл осы жауапты айтып жатады. Неге?

Бұрынғы біздің кездегімен салыстырғанда қазіргі жастар атүсті қарайтындай көрінеді. Бұрындары бізде жазда бір, қыста бір апта ғана демалыс берілетін. Қалған уақыттарда іс-тәжірибе жұмыстарына көптеп жіберіп отыратын. Қазірде жоғары оқу орындарында батыстық жүйе бойынша ізденістің бәрін студенттердің өзіне ғана қалдырады. Сондықтан да жеңіл қарап, көп нәрсеге назар аудармай жатады. Бүгінде бұрынғыдай білім жоқ дегенмен де, ертеден бері еңбегі сіңіп, жұмыс атқарып келе жатқан аға буындардың арқасында бізге келген көптеген жас мамандар шыңдалды. Көптеген жетекші мамандар біздің орнымызды басып, аға буын атанып қалды.

– Осы мамандықтың иесі атанамын деуші жастарға қандай ақыл-кеңестер айтасыз?

– Ең алдымен өз мамандығын сүйіп, адал қызмет етуі керек. Сонымен қатар, өзін-өзі дамыта отырып, аға буыннан ұдайы кеңестер сұрап, ізденісте болуы тиіс. Өзімнен кейінгі жастарға ылғи да ауылды жерден бастап жұмыс атқарыңдар деп ақыл айтып отырамын. Ол уақыттарда қиыншылық та, басқасы да кездеседі. Алайда соның нәтижесінде нағыз маман жетіліп, шыңдалады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған