Су тапшылығы: ертеңді бүгін ойла

«Судың да сұрауы бар». Расында, Жер бетіндегі су қорының жылдан-жылға азаюы «тіршілік көзін» ысырапсыз, тиімді пайдалану қажеттігін туындатады. Экономиканың дамуы, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының суға деген сұранысының артуы, ауа райының жылынуы су қорының азаюына ықпал етіп жатыр.

Айталық, Қазақстандағы су қоры соңғы 40 жылда 115 км³-тан 91 км³-қа дейін азайған. Сеулде өткен «Орталық Азия – Корей Республикасы» әріптестік туралы форумында «Қазгидромет» РМК директорының орынбасары Данара Әлімбаева осындай деректі келтірген еді. Оның үстіне соңғы 100 жылда Қазақстан аумағында ауа температурасы 1,37 градусқа көтерілсе, 2050 жылға қарай ғалымдар тағы да 4 градусқа артады деп болжап отыр. Оның үстіне ел территориясының 76 пайызы – шөл және шөлейтті аймақтар. Қазірдің өзінде еліміздің кейбір аймақтарында су тапшылығы сезілсе, алдағы 20-30 жылда мүлдем жетпеуі мүмкін. Сондықтан су қорын тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібінен түспек емес.

Су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану – мемлекеттік «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасындағы» басым бағыттың бірі. «Қазақстан – 2030» стратегиясы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қойылған стратегиялық міндеттерге сәйкес жазылған бағдарламада агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың нақты бағыттары белгіленген. Бағдарламада суармалы жерлерге кететін су шығынын 2015 жылғы көрсеткішпен салыстыр­ғанда – 20 пайызға азайту, жерүсті су қорының көлемін 2015 жылға қарағанда 1,9 км³-қа көбейту, өнеркәсіпте қайта пайдаланы­латын су көлемін арттыру сынды міндеттер қойылған. Өйткені Қазақстандағы су қоры қайта қалпына келетін табиғи ресурстар қатарынан шығып қалған, себебі белгілі бір дәрежеде көрші елдерден кұйылатын су ағынына тәуелді. Оның үстіне жерасты және жерүсті су қоры азайып, уақыт өткен сайын ластанып барады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ СУ ҚОРЫ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?

Осы орайда Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Бас директорының орынбасары Миробит Мир­дадаев өзге мемлекеттер­мен салыстырғанда Қазақстан суы тапшы елдердің қатарына жататынын, су ресурсы қоры шектеулі болғандықтан, су шаруашылығына үлкен мән беру қажеттігін алға тартады. – Су ресурсының негізгі қорын жерүсті сулары қамтамасыз етеді. Оның жылдық орташа көлемі – 101 куб/шақырым. Бұл көрсеткіш әр жылдары әртүрлі, кейде көп, кейде аз болуы мүмкін. Алайда көрші елдерде халық санының көбеюі және су пайдалану көлемінің артуы есебінен жылдық ағынның кему тенденциясы байқалады. Қазақстандағы 8 сушаруашылық бассейндерінің 7-еуі – трансшекаралық, яғни судың кейбір бөлігі көрші елдерден келеді. Жалпы, Қазақстандағы барлық су ресурстарының 56 пайызы өз аймағындағы өзен-көлдер есебінен қалыптасса, қалған 44 пайызы көрші Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан түседі. Оның үстіне климаттың өзгеруінен жылдық температура көтеріліп, жауын-шашынның азаюы мен әркелкі жаууы әсер етуде, – деп пайымдайды Миробит Салимұлы.

СУДЫ ТИІМСІЗ ПАЙДАЛАНАМЫЗ

Су ресурстарын тиімді пайдалануда өткір тұрған мәселелер – біріншіден, 2050 жылға қарай су қорының 30-50 пайызға дейін азаюы болса, екіншіден, су ресурстарын тиімсіз пайдалану. Мәселен, Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі 1 долларды өндіру үшін Ресей және АҚШ-пен салыстырғанда, үш есе көп су жұмсалады екен. Ал Австралиямен салыстырғанда, тіпті 6 есеге дейін артық. – Еліміздегі сушаруашылық жүйелерінің ескіруі үлкен су шығынына әкеледі. Ірі магистральды және су тарататын каналдардың 40 пайызының жағдайы мәз емес. Оған тамшылатып және жаңбырлатып суару сынды су үнемдейтін жүйені енгізудің сылбырлығын қосыңыз. Халықтың тек 70 пайызы ішуге жарамды сапалы ауызсуды пайдаланса, елдімекендердің тек 47 пайызы ғана кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Саланың тағы бір түйткілді мәселесі – білікті мамандардың жетіспеушілігі. Қазіргі ЖОО түлектерінің кәсіби біліктілігі ақсап тұр, – деп тұжырымдайды сарапшы. Қазақстандағы су қоры бастауын көрші елдерден алатын трансшекаралық өзендерге тәуелді. Есіл, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай бассейндеріндегі су ішкі ресурстар негізінде қалыптасса, Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Жайық-Каспий бассейндеріне су көрші елдерден құйылады. Бұл жағдай елдегі су мәселесін шешуде трансшекаралық су ағынын реттеудің маңыздылығын арттырады. – Өйткені суару уақытында елдің оңтүстік аймақтарында су тапшылығы байқалады. Ол Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл су бассейндеріне жатады. Сонымен қатар Жайық-Каспий сушаруашылық бассейнінде де түйкілді мәселелер көп, – дейді ғалым.

СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ДА ИННОВАЦИЯ КЕРЕК

Агроөнеркәсіптік кешен мен ауыр өнеркәсіп – суды көп тұтынатын салалар. Оған тұр­ғынүй шаруашылық және басқа да суды қажет ететін салаларды қоссақ, суды ысырапсыз пайдаланудың қаншалықты маңызды екені айқындалады. – Қолда бар қорды тиімді, ысырапсыз пайдалану – бүгінгі күннің басты мәселесі. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасында 2017-2021 жылдар аралығында суармалы жер көлемін 610 мың гектарға арттырып, жалпы көлемін 2 миллионнан асыру көзделген. Бұл ретте ауыл шаруашылығына қажетті жерүсті суын жеткізудегі шығынды 1,24 км³-қа азайту көзделген. Жүйелі түрде суарылатын аймақтардың көлемін арттырумен қатар, аталмыш бағдарламада жайылмалы, көлдетіп суарылатын жерді 368 мың гектарға көбейту жоспарланған. Суармалы жер аймағын кеңейту кезінде су ресурстарын тиімді пайдалану үшін су қоймаларының көлемін 1,9 км³ арттыру үлкен рөл ойнайды. Бұл қадам жүйелі және жайылмалы суарылатын жердің аумағы көбейген кезде, сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүміндік береді. Сондай-ақ су үнемдеуші технология­лардың маңыздылығын атап өткен жөн. Қазіргі кезде ұсақдисперсиялы жаңбырлату, тамшылатып суару сынды су үнемдейтін технологиялар 95,8 мың гектар аймақта қоданылады. Ал 2021 жылға қарай оның көлемін 250 мың гектарға жекізу жоспарланған. Бұл суаруға қажетті су көлемі мен ауылшаруашылық дақылдары өнімділігін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы суландыру жүйесін кешенді түрде қайта құру мен техникалық қамтамасыз ету, суармалы жерлерге тиімді жүйелерді енгізу – суды 20-30 пайызға үнемдеп, суармалы дақылдардың өнімділігін 1,5-2,5 есеге арттырады. Суландыру жүйесінің техникалық деңгейін 0,75-0,80 дейін көтеріп, агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін 40-50 пайызға көтереді, – деп пайымдайды Миробит Мирдадаев. Аталмыш бағдарламада суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету үшін қоймалардағы су көлемін 20 пайызға арттыру міндеті қойылған. Ол үшін 1,9 км³ болатын ірілі-ұсақты су айдындары мен су қоймалары құрылып, су үнемдейтін технологиялар енгізіліп, заманауи суландыру жүйесі салынбақ. Соның нәтижесінде, бағдарламада көрсетілген міндеттерге қол жеткізілмек. Алайда Миробит Салимұлының айтуынша, бұл мәселелердің барлығы суармалы жерді дамытудың ғылыми-техникалық негізінсіз жүзеге асыру мүмкін емес. Су ресурстарын басқару саласында 60 жылдан аса зерттеу жүргізіп келе жатқан Қазақ су шаруа­шылығы ҒЗИ қазіргі кезде суару және мелиорацияда су үнем­дейтін технологияларды енгізу, жайылым жерлерді сумен қамтамасыз етудегі инно­вациялық технологиялар, су ресурстарын басқару мен Қазақ­станның бүкіл терри­ториясындағы су бөлу жүйесін автоматтандыру ісіне қомақты үлес қосып келеді. Үмітжан ЖАПАР

Ақпарат көзі: aikyn.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған