Тасқын Жапарқұл, кәсіпкер: Тамшылатып суару жүйесі – мол табыстың көзі

Жаркент қаласындағы «Ернар» шаруа қожалығының басшысы Тасқын Жапарқұл ауыл шаруашылығы саласындағы жеткен жетістіктері жайлы баяндап, көп жылғы тәжірибесімен Su24.kz сайтында бөлісті.

             

– Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында біршама жетістікке жеткен жандардың бірісіз. Осы бизнесті бастауыңызға не түрткі болды?

– Өз басым ауыл шаруашылығы маманы ретінде бұл саланың қыр-сырын жетік меңгере білгендіктен осы шаруашылықты құру жұмыстары жүзеге асты. Шыбық ексең, шынар өнетін Жаркентте жүгері өсіру ісі 1950 жылдардан бері қарқынды дамып келеді. Өткен ғасырдың 1950-1995 жылдары аралығында жазиралы Жаркенттің «дала акаде­­миктері» атанған Н. Головацкий, Ы. Қожахметов, И. Билалов және Н. Сауранбаев ауылшаруашылық өндірісінің тамаша үлгісін жасаған еді. Сондай-ақ, екі мәрте Социалистік Еңбек ері атанған Н. Головацкиймен 19 жыл бірге жұмыс атқарған едім. Сондықтан осы үрдісті толастатпай, әрі қарай жалғастыру мақсатында 1996 жылы отбасылық шаруа қожалығымыздың жұмысын бастаған едік. Бастапқыда бар-жоғы 7 адам қызмет еткен шаруашылықта 2 дана доңғалақты трактор, 1 шынжыр табанды трактор, 1 комбайн арқылы 21 га суармалы егістік жерде жұмыс жүргізе отырып, кездескен қиындықтарға мойымай, бірлік пен еңбектің арқасында 2005 жылы «Элиталы тұқым шаруашылығы» мәртебесіне де ие болдық. Ал бүгінде республикамызда элиталы тұқымды дамыту мақсатында Молдова республикасының құмай жүгері және жүгері зерттеу ғылыми институтымен, Украина жүгері ғылыми зерттеу институтымен және Қазақстанның жерді игеру ғылыми зерттеу институтымен тығыз байланыстамыз. Жаркент өңірі жүгері өсіруге ыңғайлы, тіпті өте қолайлы. Ауа райы да, суармалы жағдайы сай келеді. Жүгері өсіру жылдан-жылға дамып келеді. Қазір француздардан тұқым аламыз. Былтырғы жылы Сербияға барып, келісімге келіп, тәжірибе алмастық. Биыл бізге жүгері тұқымын алуға Венгриядан келді. Жақында жұмысымызды Израильден келіп, көріп кетті.

– Қазірде мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіліп жатыр?

– Жалпы мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдай орасан зор дер едім. Себебі, жаңа технология бойынша жұмыс жасау мақсатында ҚазАгроҚаржы арқылы жаңа техникаларға қол жеткізіп жатырмыз. Мәселен, жүгері дақылын себуден жинауға дейінгі кезеңге қажетті барлық техникалар бүгінде бізде бар. Мұның өзі біз үшін өте үлкен жеңілдік, көмек деп айтуға болады.

– Ал ҚазСуШар сіздің шаруашылқты қажетті сумен қамтамасыз етіп отыр ма?

– Қазақта «судың да сұрауы бар» деген мақал бар ғой. Сол сияқты біздің жермен Алматы облысының басқа жерлерін салыстыруға келе қоймас. Себебі біздің Панфилов ауданының жерлерінде суару мәселесі өте қиын. Дегенмен, соған қарамастан ҚазСуШар кәсіпорны қажетті сумен барынша қамтамасыз етіп жатыр.

–  Жалпы судың ауыл шаруашылығындағы маңызы жөніндегі ойыңыз қандай?

– Су – тіршілік көзі. Әрқандай тіршілік үшін судың маңыздылығы өте жоғары екені де мәлім. Сусыз өнім өсіру қиын болғандықтан да шаруашылықта суды барынша тиімді пайдалануда маңызды. Осы орайда батыс Еуропа елдерінің тәжірибесі негізінде жұмыс жасауды құптаймын. Тамшылатып суғаруды былтырғы жылы Голландия мемлекетіне барғанда көрдік. Оларда 10 мың гектар жердің 95 пайызы тамшылатып суғарумен жұмыс жасайды екен. Тамшылатып суғару кезінде су үздіксіз шашырап тұрады. Бір жақсы жері ылғалды ұстап, екіншіден, су жүгерінің түбіне ғана құйылатындықтан арамшөп өсірмейді. Яғни тамшылатып суару жүйесі – мол табыстың көзі. Ал арамшөп шыққан жерде гербицид қолданылады. Ол топырақты да, өзімізді де улайды. Қазір, жасыратыны жоқ, әлі де гербицид қолданудамыз. Бірақ жақын арада бұл тамаша әдіске көшуді жоспарлап отырмыз. Біріңғай жаңа технологияға көшетін болсақ, гербицидті қолданбайтын едік. Гербицидті бірден қолданбай кетеміз деп айтуға болмайды. Ол бара-бара жойылады.

– Ал өнімді қалай сатасыз?

– Бүгінде 21 гектар суармалы егістік жерде жұмысын басаған шаруашылық көлемі 60 есеге, яғни 1250 га жері суармалы жерге ұлғайтылды. Шаруашылықта жоңышқа, элиталы және бірінші буданды тұқымдық жүгері, жемдік жүгері, арпа, бидай егіліп жатыр. Бұдан бөлек 1350 га жайылым жеріміз бар. Жыл сайын республикамыздың солтүстік облыстары – Қостанай, Петропавл, Ақмола, Павлодарға және оңтүстік облыстар – Қызылорда, Жамбыл, Шымкентті 750-800 тонна жүгерінің элиталы және бірінші буданды тұқымымен қамтамасыз етіп тұрдық. Одан басқа жыл сайын 5000-5500 тонна жемдік жүгері дайындалып, оның 4500 тоннасын крахмал-сірне зауытына, тағы басқа алушыларға өткіземіз, ал 400 тоннасы шаруашылық малдарына қысқы азыққа қалдырылады.

– Кәсіпорындағы орташа жалақы көлемі қандай? Қоластыңыздағы жұмысшыларға қандай жағдай жасалуда?

– Шаруашылықта 160 адам тұрақты жұмыс істейді, ал күзгі егістік науқаны кезінде қала халқынан 250 адамға дейін жұмысқа тартылады. Олардың айлық жалақысы орташа есеппен 85-90 мың теңгеге, көктемгі және күзгі маусым уақытында жалақы мөлшері 300-350 мыңға дейін көтеріледі. Сонымен қатар, жұмысшыларға жыл сайын шаруашылық есебінен «Жаркент – Арасан» сауықтыру кешеніне тегін жолдама берілуде.

– Ауылдық жерлерде бизнес көзін ашып, жұмысын дөңгелетемін дейтін жастарға қандай кеңес айтасыз?

– Қазіргі таңда көпшілік жастар білім іздеп, жұмыс барысымен ауылдан жырақтап, қала маңында жүр. Меніңше, ауылдық жерді өркендету үшін жастарды ауылға тарту қажет. Жұмыс жасаймын, табыс табамын деген адамға қай жағынан болса да жағдай жасалған. Тіпті біздің Алматы облысы аумағы ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге өте қолайлы. Мәселен, бізде барынша дамыған шаруашылықтың бірі – қант қызылшасын өсіру. Бұл шаруаның өркен жаюына облыс әкімі Амандық Баталов та мүмкінше қолдау танытып жүр. Сондықтан, ынта-ниеті бар әр жас қандай да болмасын шаруаның басын қайырарына сенемін.

– Алдағы уақытқа қандай жоба-жоспарларыңыз бар?

– Шаруа қожалығы дәнді дақылдарды өсірумен қатар былтырғы жылдан бастап бақ салуды бастадық. Өткен жылы 12 гектар болып, биыл 100 гектарға көбейген бақта абрикос, шабдалы, алма, алмұрт, өрік, айва, қарақат, таңқурай өсірілуде. Олар келесі жылдан бастап жеміс береді деп күтудеміз. Бұл күнде жаңа технология бойынша жеміс-жидектерді сақтау орындары салынып жатыр. Келешекте компот, шырын шығаратын кіші цехтар салу да жоспарда бар.

 – Әңгімеңізге көп рақмет, істеріңіз ілгері баса берсін!

 Сұхбаттасқан Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған