Рамазан Жанбағысов, ардагер: Жауапсыз мекемелер себебінен ауыз су мәселесі қиындап тұр

Сәтін салып еңбек жолын су саласындағы қажырлы жұмысқа арнаған Рамазан Рахымұлымен сұхбаттасқан едік. Саладағы қарбаласқа толы жұмыс жөнінде аз-кем әңгімені көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

– Рамазан Рахымұлы, Сіз ауыз су саласында бірнеше жылдардан бері  жұмыс істеп, еңбек сіңірген жанның бірісіз.Жалпы, бұл салаға қалай келдіңіз?

– Жоғарғы оқу орның бітірген соң, еңбек жолымды өндірістерден бастадым. 2007-2008 жылдары Шымкент қалалық әкімшілігіне қарасты «ЛТД тұрмыс»ЖШС-не бас инженерлікке жұмысқа орналастым. Бұл мекеменің міндеті  қаланың тазалығына, көгалдандыруға жауапты және эрегациялық  қызметтерді атқарады.Айта кетерлігі, мекеме жаңадан құрылғандықтан базасы болмады. Сол кездегі облыстың әкімі Өмірзақ Шөкеевтің көмегімен  қар тазалайтын, су шашатын 68 арнайы техника беріліп, жұмыс істей бастадық. Орын алған қиындықтарға қарамастан Шымкент қаласының ажарлана түсуіне өз үлесімізді  қостық. Мұнан соң, «Су ресурстар-маркетинг» ЖШС-нің орталық диспечерлік қызметіне маман ретінде жұмысқа орналастым. 2012 жылы «Оңтүстіксушар» мекемесіне ауысып, 2013 мамыр айынан бастап «Оңтүстікауызсу» болып аталды. Мекеменің міндеті ауыз судың бастауынан бастап, халыққа сапалы жеткізілуіне дейін зерттеп, бақылауда ұстап, тұрғындарға сапалы ауыз су жеткізу болатын. Негізінен жұмысқа жауапкершілікпен қарап, тиянақты іс жасауды көздеймін. Өзгелерден де соңы талап етемін.Ұстанатын қағидаларымның бірі – тиянақтылықтан тазалық туады. Яғни, жұмыс таза аяқталса, кемшіліктер орын алмайды. 2016 жылы бөлім басшылық етіп, осы қызметтен абыроймен зейнеткерлікке шықтым.

– Әр саланың өзіндік ерекшелігі бар. Су саласындағы қызметіңіз барысында қандай өзекті мәселелер көптеп орын алатын еді? Сонымен қатар, жұмыс барысында туындаған түйіткілді мәселелерді шешудің жолдарымен бөліссеңіз…

– Біздің жұмыс істеген уақтымыз қиындық кезеңдерге сәйкес келді. Жұмысқа қажетті техника не болмаса материалға қол жеткізе алмадық. Тіптен, мекеменің электр жарығына төлейтін қарызы 12 миллион теңгеге жетті. Ауыз суды жарықсыз бере алмаймыз. Мұнан бөлек, суды пайдаланатын мерзімде жарылған құбырларды жөндеуге, тракторларға жанар-жағар май және жұмысшылардың жалақысын беруге қажетті қаржы мемлекет есебінен берілмеді. Аталмыш шығындардың орындарын толтыру қиындық туғызды. Шығынды халыққа көрсетілген қызметке төленген ақы есебінен жаптық. Мәселен, 20-25 штатқа жүктелген жұмысты 8 адам атқауына тура келді. Мысалы, 2013 жылы 103-110 мың адамды ауызсумен қамтушы едік. Алғашында Сарыағаш су жүйесіне топтасқан Отырар және Арыс аудандары ауыз суға қолдары жетті. Мұнан кейін Шәуілдір, Қажымұқан, Қараспан, Дарбаза, Жетісай, Созақтағы су жүйелері топтасып, жергілікті тұрғындар ауызсумен қамтылды. Нәтижесінде, мекеменің қызмет көлемі 3 есеге артты.

– Қазіргі таңда су саласында көптеген өзгерістер орын алуда. Сіздің ойыңызша су саласы қаншалықты дамыған? Халықтың қажеттіліктерін өтеуге қаншалықты мүмкіншілік жасалған?

– Сөздің ашығы қазіргі кезде де істейтін жұмыстар көп. Мәселен,«Ақбұлақ», «Таза су» бағдарламаларында біраз жұмыстарды жоспарлаған едік. Елімізде су саласына қатысты заң шығарылды. Осы заң шеңберінде сала жұмысы жүйелі іске көшті. Мәселен, құбыр сапасыздықтан не болмаса судығы қысымынан, технологияны дұрыс бермеудің салдарынан жарылады. Қазір осындай келеңсіздіктердің орын алмауына байланысты полиэтилен құбырлары орналастырылып жатыр. Өңірге қарасты аудан, қалалардың басым бөлігінде темір құбырлар. Темір судан тез тот басып, жарамсызданады. Бүгінде аудан, қалалардағы темір құбырлардың біршамасы ауыстырылды. Оның орнына полиэтилен құбырлар қойылды. Олардың адам денсаулығына зияны жоқ. Шыдамдылық мерзімі 40-50 жылға дейін жетеді. Қазір құбырларда ақау табылса жарты сағаттың ішінде қалыпқа келтіруге болады.

 – Жалпы, сала жұмысынжандандыру жайлы қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Бүгінде тендерге қатысып, қаржыны алудың шеберіне айналған мекемелердің қатары көбейіп кетті. Осындай жауапсыздықтың салдары тұрғындарды ауызсумен толығымен қамтуға мүмкіндік бермей тұр. Тендерге жұмыс істейтін бар мекемелері бар мекемелер қатысқаны абзал.

– Су саласында еңбек жолын бастаған жастарға қандай ақыл кеңес айтар едіңіз? 

 –  Жас мамандар жұмысқа келген соң тәжірибелі мамандардан көп сұрап, көп нәрсені үйренуі керек. Жұмысқа деген жауапкершілікті сезініп, әр ісіне тиянақтылық танытуы керек. Жалпы, жұмыс барысында кемшіліктер көп кездессе ол жерде мамандар жауапсыз немесе техника жетіспейді. Осындай олқылықтардың орын алмауына байланысты әр маман өзіне жүктелген міндетті дер кезінде жанашырлықпен атқарған жөн.

– Жұмыс барысындағы оқиғалар естеліктерге толы болады. Есте қалған оқиғалар бар ма?– Әлбетте. 2016 жылы Сарыағаш ауданында 11 темір жолдың астынан 2 су құбыры өтеді. Оның бірі, су сорғы, екіншісі артқа қайтады. Сол жерде құбырлар жарылды. Ол кезде қыстың кезі, күн суық. Техника жетіспейді. Жұмысшылар киімдерін бірнеше мәрте ауыстырып, 8 метр құдыққа түсуге мәжбүр болды. Ақауы бар құбырға жету үшін қалыңдығы жарты метрдей бетонды жарып, ішіндегі жиналға суларды су сорғымен тартқыздық. Су толығымен бері қарай шықпады. Құбыр ішінде ауа жоқ. Адамдардың бері қарай шығуына қиындық туғызды. Осындай қиындықтарға қарамастан жарылған құбырды тауып, оны қалпына келтіріп, үйімізге түнде қайтқан кезіміз болған. Біздің жұмыс барысымызда мұндай қиыншылықтар көптеп кездеседі.

– Сұхбаттасқанынызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Бектай ОРМАНОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған