Қыдырбек Кейікбаев, ардагер: Суды қорғауға барынша атсалысуымыз керек

Су саласында қажырлы еңбек етіп, бүгінде су шаруашылығы саласының белді ардагерлерінің біріне айналған Қыдырбек Кейікбаев su24.kz сайтына сұхбат берді.

– Қыдырбек Қожабекұлы, осы саладағы еңбек жолыңызды қалай бастадыңыз?

– 1955 жылы Ақсу ауданында дүниеге келдім. Сонда мектепті бітіріп, 1973-1975 жылдары Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында әскери борышымды атқардым. Еңбек жолымды әуеліде өз туған ауданымдағы Қызылтаң совхозынан бастап, кейіннен Талдықорған облысы, Талдықорған ауданы (қазіргі Ескелді ауданы) Ішкі істер органында қызмет еттім. Ал ауылшаруашылығы техникумын бітіргеннен соң 1984 жылы осы су шаруашылығы саласына ауыстым. Механик мамандығы бойынша білім алып шыққаннан соң, алдымен техник, одан кейін инженер-гидротехник маманы ретінде жұмыс атқардым.

– Осы су шаруашылығы саласына келуіңізге не себеп болды? Бұл мамандық несімен қызықтырды?

– Бұл саланың мені қызықтыратынтұсын бір ауыз сөзбен түйіндер едім. «Су – тіршілік көзі, табиғаттың асыл қазынасы». Міне, түсінген адамға осы бір ауыз сөздің өзі барынша әсер етуі қажет. Қандай да болмасын тіршілік көзі үшін судың маңызы өте жоғары екені айдан анық.Ал қазіргі кезде судан таршылық тартып, судың тапшылығынан қиналып жатқан небір елдер мен халықтар бар. Ондай жағдайларға қарағанда біз шүкіршілігімізді айтуымыз керек деп ойлаймын. Ал адам баласының өміріне ең қажетті әрі баға жетпес байлығы саналатын осы бір су саласында қызмет ету – мен үшін қызықты әрі бақытты жұмыс деп есептеймін.

– Қызықты әрі бақытты жұмыс деп санаймын дедіңіз, осы саладағы қызықты сәттерді қалай сипаттайсыз?

– Су шаруашылығы саласында суды пайдаланушыларға уақытылы жеткізіп, солардың алғысын алған сәт – біз үшін қызықты әрі бақытты сәт. Ал сүйікті қызмет – әр адамның өмірінің бір бөлшегі екені анық. Сол сияқты су шаруашылығы саласында қызмет еткендіктен су – менің өмірімнің айнымас бір бөлшегіне айналған. Мен су арқылы демаламын, су арқылы тынысым ашылады. Мәселен, шаршаған уақыттарыңызда судың жағасына барып, судың даусын тыңдадыңыз делік. Сіздің айрықша бір сезімге бөленіп, жеңілденуді сезінетініңізге сенімдімін.

– Қиындықтар да кездесіп тұратын шығар?

– Иә, әрине. Әрқандай жұмыстың қызығы мен қиындығы қатар жүретіні секілді, біздің бұл салада да қиындықтар кездесіп жатады.Қапшағай су қоймасында және Ескелді, Көксу аудандарында жұмыс атқардым. Сондықтан бұл орындардың жұмыс барысымен барынша таныспын. Кей кездері түрлі апатты жағдайлар орын алып тұрады. Мәселен, табиғаттың тосын апаттарынан біздің су жіберетін құрылғыларымыз істен шығып немесе жарамсыз болып қалып жатады. Түрлі тоспалар бітеліп, су жүрмей қалатын кездер де кездеседі. Мұндай жағдайлар орын алған сәттерде тездетіп мәселенің шешімін табуға тырысамыз. Себебі, сонша уақыт еңбек еткен шаруалардың маңдай тері текке кетіп қалады. Сол үшін де шаруалар сұранысын қанағаттандыру мақсатында түрлі қиындықтармен арпалыса жүріп, жұмыс жасауға тура келеді. Дегенмен, жұмыс атқарылып біткеннен кейін шаруалардың алғысына бөленген сәттер бұл қиындықтардың бәрін ұмыттырып кетеді.

– Осы салада қызмет атқаратын жас мамандардың ісіне көңіліңіз тола ма?

– Қазірде жас мамандар көп. Бірақ соның ішінде ұмтылысы, өз қызметіне деген қызығушылығы бар жастардың саны аз деп ойлаймын. Себебі, қазіргі жастар ештеңеге қызықпайды. Ал өзі қызығып, сүйіп жасамаған қызметтен ертеңгі күні жоғары дәрежедегі нәтиже шығарады дегенге сенбеймін. Сол үшін жастарды ынталандыру, қызықтыру арқылы жұмысқа деген ынта-жігерін ояту қажет деп есептеймін.

– Осы мамандықтың иесі атанамын деуші жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз қандай?

– «Су – өмірдің нәрі» деп бекер айтпайды. Жаңа сөзімде айтып кеткендей онсыз бір күнімізді де еселетете алмаймыз. Сол себепті, осы саланың маманы атанамын, келешекте осы салада қызмет атқарамын деген жастарға айтар басты ақылым – суды қорғауға барынша атсалысуы керек. Суды барынша үнемдей отырып, шаруалар сұранысын  уақытымен қанағаттандырып, елдің алғысына бөленіп отырса одан артық қандай мәртебе болмақ. Сонымен қатар, өзін-өзі дамыта отырып, аға буыннан ұдайы кеңестер сұрап, ізденісте болуы тиіс.

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!                 

Сұхбаттасқан Лина АЙДЫНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған