Қызылорда облысында су тарату желілері қашықтан бақыланады

Қызылорда облысындағы ауыз су желілері цифрлық технологиялар арқылы қашықтықтан бақыланатын болады. Мұндай ақылды құрылғылар аймақта тартылып жатқан 3 топтық су құбырына орнатылады деп хабарлайды 24.kz.

Құны 15 миллиард теңге болатын алып құрылыс аясында Шиелі және Жаңақорған аудандарының 36 елді мекенін сапалы сумен қамту көзделіп отыр.  Жаңақорған ауданындағы Түгіскен ауылы тоқсаныншы жылдары тіршілік нәрін тасып ішетін.

Кейін ауыл ішінен ұңғыма қазылғанымен судың сапасы көңілден шықпады. Тұтқабай Мұстияров, Түгіскен ауылының тұрғыны: – Бірлі жарым орталықтарында ғана су бар да, шет жақтарының бәріне қолмен тасып, трактормен, машинамен, водавоздармен тасыған. Сәл күндерден кейін осы елді мекендердің бәріне су келеді деп жатыр. Түгіскеннің түйіткілін шешугі жаңадан салынып жатқан «Сырдария» топтық су құбыры негіз болды. Жалпы бұл желіге 23 мыңдай халқы бар 16 елді мекенді қосу жоспарланып отыр. Бүгінде ауыл ішілік су желілерінің құрылысы аяқталып, сорғы станциялары салынды. Жаңа нысандардың жұмысы жаңа технологияның көмегімен бақыланатын болады.

Өмірзақ Қожақов, «Қазсушар» РМК «АРАЛ» СЖКБД филиалының бөлім басшысы:  – Интернет арқылы қай жерде апаттық жағдай болып жатыр, қай жерде мысалы су көлемі түсіп жатыр, қанша су елді мекендерге таратылып жатыр, қанша куб,  мысалы, соның бәрі сандық жүйе арқылы басқарылады. Бұл енді бұрын-соңды бұл салада қолданылмаған нәрсе. 550 метр тереңдіктен тартылатын сапалы су «Талап» топтық су құбырына да қосылады.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші: – Ен даланы бойлай өтіп жатқан «Талап» топтық су құбырының жалпы ұзындығы 138 шақырым. Оның бойында суды сақтайтын және тазалайтын бірнеше нысандар салынады. Осылайша 15 мыңдай тұрғыны бар 12 елді мекеннің ауыз су мәселесі түбегейлі шешімін табады.  Ал Жаңақорғанға іргелес Шиелі ауданының 8 елді мекені Жиделі топтық су құбырының игілігін көреді. 2013 жылы басталған ірі жобаның келесі кезеңі биыл жалғасын таппақ.

Қазіргі таңда Бала би және Бәйгеқұм елді мекендеріне су желілері тартылып, сорғы станцияларының құрылысы аяқталуға жақын. Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов Осы категория бойынша: « ШҚО: Жарма ауданындағы алыс ауылдар сумен қамтылды Қарағандыда аутизмге шалдыққан балаларды емдейтін орталық ашылды »

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған