Жетісудың жеті өзенінен Балқашқа дейін…

Су деген не? Жер бетінің төрттен үш бөлігін алып жатқан қайнар көз делік. Оны айтасыз, адам ағзасының 60-70%-ы судан тұрады. Өсімдіктердің 90%-ы су болмаса жайқалып тұрмас еді. Сөйте тұра еліміздегі су мәселесі жылдан-жылға қиындап барады дейді мамандар.

Еліміздің барлық өңірін білмеймін, бірақ Батыс Қазақстанда, әсіресе біздің ауылда су мәселесі өте күрделі еді. Оған себеп – жердің тұздылығы. Құдық қазсаңыз да бекер, ол суды адам түгілі мал ішпейді. «Киім жусақ, тұтып қалады» дейтін апалар. Су тазалайтын арнайы құрылғы екі күннің бірінде істен шығатын. Ол жұмыс істеген күні бүкіл ауыл кезекке тұрады. Су әкелуге ертемен кетіп, түн жарымында келетінбіз. Ауыл балаларының ойыны да, үлкендердің әңгімесі де сол «колонка» басында болатын. Себебі сол – судың бергенін күтеді. 40 литр суды 100 теңгеден аламыз. Қыста өзеннен мұз ойып әкеп, ерітіп ішеміз. Мұздың ащысы болмайды. Қарды да ерітеміз, бірақ ол көпке жетпейді. Судың қадірін бір кісідей-ақ біліп өсіп едік-ау.

Бір қуанарлығы, биыл ауылға су келіпті. Халықты ауыз сумен қамтуға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы бізге де жеткен екен-ау, Құдайға шүкір.

«Су мәселесі жөнінде танымдық сапар болады» дегенді естігенде баруға өтініш білдірдім. Оған себеп осы – судың қайдан, қалай келетінін білгім келетін. Су тапшылығы зардабын тартқаннан кейін де шығар, елден ерек қызықтым десем, өтірік айтпағаным.

«Көрікті мекен» деп аталатын танымдық сапарды Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті ұйымдастырды.

«БАҚ өкілдері еліміздегі мейлі ауыз су, мейлі егін су болсын, бұған қатысты мәселелерді бәрінен жақсы білуі керек. Бөгет пен плотинаның қандай айырмашылығы бар? Су тораптары қалай жұмыс істейді? Су қоймасы ше? Маман тапшы ма? Ауыз су неге жетпей жатыр? Шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігі қалай? Судың бағасы қанша? Міне, осындай жайттарды зерттеп біліп, шалғайда жатқан ауылдардың тіршілігін көзбен көргендері дұрыс. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті соған жол ашты. Комитет төрағасы Ислам Әлмаханұлының тікелей қолдауымен өз биігіне жеткен іс. Былтыр Түркістан облысынан басталған жобамызды биыл Алматымен жалғап отырмыз. Әрі қарай тағы 7-8 облысты аралаймыз», – дейді комитеттің «Қазсушар» РМК баспасөз хатшысы Азамат Битан.

Алматыдан блогерлер мен журналистерден құралған 8 адам арнайы көлікпен таңертең жолға шығып кеттік.

Еңбек ерлерімен даңқы шыққан ауыл

Ең әуелі келген жеріміз – Көксу бас бөгеті. Бөгет басында гидротехниктер, шаруа қожалықтарының басшылары күтіп тұр екен. Бөгет 1963 жылы пайдалануға берілген. Көксу өзенінен су алады. Осы бөгеттен су алушылардың қуанышы еселеніпті. Неге десеңіз, биыл Ислам Даму банкі Ескелді ауданының суару жүйелерін жаңғыртуға қаражат бөліпті.

«Неше жылдан бері каналдар тазаланбайтын. Кемі 40-50 жыл болған шығар. Каналдан су алу үшін жағасына бара алмайтынбыз. Қалың ағаш өсіп кеткен еді. Шаруа қожалықтары арасында кикілжіңдер көп болатын. Үкімет басшылығына, Ислам даму қорына көп рақмет. Бүкіл еліміз бойынша осындай үлкен жоба басталды. Бұл жобаны тура біздің жерден бастағанына ризамыз. Жобаның арқасында ауыл тұрғындары да жұмыс тапты. Су болмағасын ешқандай тіршілік болмайды. Оның үстіне су уақытында керек. Ертең, арғы күні деген әңгіме жүрмейді. Көктемде су берілер кезде аздаған қиыншылық болды, бірақ қазір жағдайымыз жаман емес. Шаруа басталғаннан кейін аяғына дейін жеткізсе дейміз. Су мәселесі шешілгеннен кейін өнімді де былтырғыдан екі есе көп аламыз деген үміттеміз. Соған орай жұмысшылар да көбейді», – дейді шаруа қожалықтарының басшылықтары зор ризашылық білдіріп.

Нұрмолда Алдабергенов Жетісуда тұңғыш су-электр стансасын салған адам екен. Бұрын «КОКП 22-партсъезі» атындағы ұжымшардың орталығы боп тұрған кезінде еңбек ерлерімен аты шығыпты. Бірі қызылшашы, бірі шопан.

20 колхозшы озат еңбегімен наградталған. Матай Байысов екінші дүниежүзілік соғыста «Кеңес Одағының Батыры» атаныпты. Ауылда «Батырлар аллеясы» салыныпты. 21-інің де мүсіндері бар. Кәдімгі әжелердің, аталардың ескерткіш мүсіндері көзге сондай ыстық көрінеді. Қаншалықты тас мүсін болса да, бейнелері шынайы.

«Батырлар аллеясының» ауыл тұрғындары үшін маңызы зор. Жастарға үнемі дәріптеп отырамыз. Ауылдағы мерекелік іс-шаралар осы аллеяға гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден басталады», – дейді ауыл әкімі Төлеген Аппақұлы.

Одан кейін Қызылағаш су қоймасына келдік. 2010 жылы су тасқынынан айтарлықтай зардап шеккен, бүкіл елді аяғынан тік тұрғызған Қызылағаш осы. Мұнда да гидротехниктер, шаруа қожалықтары күтіп алды. Бір кездері судың астында қалған Қызылағаш қазір суға зәру екен.

«Бастаудағы судың қоры аз. Ол шаруа қожалықтарына жетпейді. «Малымызға су жоқ» деп аттандап жатқандар да бар. Билік өкілдері Қызылағаштың қиыншылығын шешіп берсе демекпіз. Ол жеке менің сөзім емес, қызылағаштықтардың сөзі. Бұл мәселе шешілсе, ел де, жер де рақмет айтар еді. Өйткені 6 мың гектар жер кеуіп жатыр. Ол жерден қанша өнім түседі?! Қазақстанға қаншама пайда түсер еді, халыққа қанша жұмыс болар еді. Су тасқынынан кейінгі 8 жылда бір плотина салынбау деген ыңғайсыз жағдай. Бір рет су ішпеген астықтарымыз бар. Бір рет суарғандарымыздың өзіне енді су берілмесе, жағдай қиын», – Әлдибек Құрманәжі деген ағамыз.

Қызылағаш су қоймасы ауылдан 12 шақырым жерде екен. 2010 жылғы тасқында қойма толығымен қираған. Қазір бөгет пен су торабын салу жұмыстары жүріп жатыр. Қызу жұмыстың үстінен түстік. 8 жыл бұрынғы тасқынды еске салып, таудың кеуде тұсын ақ түс сызып тұр. Қолдан емес бірақ. Сондағы судың деңгейі тауға ақжелімденіп анық көрініп тұр.

«100-ден астам машинист жұмыс істейді. Қолмен істейтін емес, бәрі техникамен атқарылады. Су тасқынынан соң 8 жылдан кейін ғана салынып жатыр. «Жобаның өзі 2015 жылы шықты. Қаражатты 2016 жылдың соңында берді», – дейді бас инженер Оразбаев Рақымжан.

Құрылыс жұмыстары биыл, жылдың аяғында бітуі тиіс. Құдай қаласа, 2019 жылы сәуірде пайдалануға берілмек.

Салынып жатқан су торабының ауқымы әлдеқайда үлкен. Торап қызметкерлеріне арнап екі үй салыныпты. Екеуі де заманға сай жабдықтармен салынғаны көрініп тұр.

Су қалай жіберіледі?

Қызылағаштықтарға сәттілік тілеп Жаркентке тарттық. Жаркентке түннің бір уағында жетіп жығылдық. Таң бозынан қайта тұрып алдық. Себебі алда аралайтын жер көп. 4 ауданға кіретін қаншама ауылдың су арналарын, бөгеттерін адақтауымыз керек.

Екінші күнгі сапар Өсек өзенінен басталды.

Өсек өзені 15 мың гектар жерге су береді. Суға жауапты адамның тұрмыс жағдайына дейін жасалды.

«Ал Тышқан өзені 5 ауылға су береді. Бұлай аталу себебі кезінде тышқан деген хайуанат көп болған, кейін жойылып кеткен. Бұрын суды жіберу үшін жарты күніміз кететін. Плотина салынғалы 3-4 сағатта-ақ жібереміз», – дейді Тышқан өзенінің гидротехнигі.

Бұл күні бізді осы өңірдің адамы, Алматы облыстық су шаруашылығы  Панфилов аудандық өндірістік учаскесінің бастығы Тоқтарбай Керімқұлов алып жүрді. Тоқтарбай ағаның әңгімесі ә дегеннен бізді үйіріп әкетті. Шыны керек, кешеден бері судың жай-күйін қазақшалап айтатын осындай жанды іздеп едік-ау. Әйтпесе ғылыми тілде әңгімелеп жүрген гидротехниктердің кешелі әңгімесін бір түсініп, бір түсінбей келгеніміз өтірік емес еді. Ал Тоқтарбай ағаның жөні бөлек екен. Өзі де кезінде талай қызметте болған, ақын-жазушылардың талайымен етене жақын болған жүзі жылы жан екен. Тышқан өзенінен қайтарда ұзақтау жолда ағамызды әңгімеге тарттық.

– Суды қабылдау арнасы және суды шығарып салу арнасы деген екі ұғым бар, – дейді Тоқтарбай аға. – Сол екеуін тазалаймыз. Біз 100 миллион ғана қаражат табамыз. Бірақ соны 4 жылда үнемдеп, жеткілікті пайдаландық. Техникаларды жаңарттық. Менің ұғымымда, апаттың алдын алу деген – сақ болу,  ұйықтап қалмау деген сөз. Одан басқа ештеңе жасай алмайсың. 2014 жылы бұл жұмысты қабылдап алған кезде ауданға 228 миллион текшеметр су беретін. Биыл 440 миллионға шықты. 40-42 пайыз қосылды. Мен таудан қар еріткен жоқпын, канал салған жоқпын. Ең бірінші қадағалағаным – тәртіп. Мұның алдында аудан әкімшілігінде істегенмін. Америка ашқан, ғылым ашқан ештеңеміз жоқ, кәдімгі қазақы тіршілік. Сушы алаңдамай жұмыс жасау үшін оларға жағдай жасауға тырыстық. Көбінің жарығы болмады. Үй жоғына үй салдық, барына күрделі жөндеу жасадық. Жарық бағаналары жетпеген жерлерге күн энергиясын алатын қондырғылар орнаттық, – дейді Тоқтарбай аға. Жолай ауыл тіршілігімен де таныстырып отырды.  

– Мынау – Сарыбел деген ауыл. Дәнеш Рақышевтің туып-өскен жері. Дәкең қазақтың әнін тарқатуға үлкен үлес қосқан адам. Сондықтан оны кез келген қазақ құрметтеу керек деп есептеймін. Әбілхан Қастеев те осы ауылдан. Қазақта ондай суретші жоқ. 29 жасында 1-сыныпқа барады. 45 жасында дүниежүзін мойындатты. Жаманбұлақ деген жер бар, бала кезінде сол жердің тасын қашап сурет салған.

Ауылдың 2400-дей тұрғыны бар. Бидай, жоңышқа өсірумен айналысады. Көбіне картоп егеді. Жүгері өспейді бұл жерде. Тауға жақын, биік жерде орналасқан.

Жалпы, жүгеріні маусым айына дейін егіп үлгеру керек. Жүгері 120-150 күннің ішінде піседі. Одан қалып қойса, қыркүйектің 19-ы мен 25-і арасында бір үсік болады. Бұған дейін піспесе, осы кезде үсіп кетеді.

Мынау – Тұрпан деген ауыл. Бұл жерде бір кездегі қалмақтардың, қытайлардың, моңғолдардың біздің жерде жүргендігін байқататын есімдер бар. Мысалы, Басқұншаң. «Құншаң» – қытайша, «су» деген сөз. «Тұрпаң» да қытайша, «жүзімнің атасы» деп аталады.

Менде 160-қа жуық гидротехник бар еді. Соның бәріне ат алып бергім келетін. Қолымнан көп нәрсе келмейді. Содан іздестірсем, аттан мотоциклдің бағасы арзан екен. Ал мотоцикл жылдам жүретін көлік. Содан биыл 10 мотоцикл алып бердім. Жыл сайын оннан алып тұрсам, бес жылда жетіп қалады бәріне. Осындай мәселелер шешіліп жатыр.

Таңертең ертемен 102 адам су береді. Содан сағат 8-ге дейін диспетчерге хабарлама береді. 3300 шаруа қожалығының күніге 400-ге тарта адамы су алады. Орталыққа хабар беріледі. Орталық әрқайсысын аты-жөнімен жазып отырады. Себебі, «су жетпеді» деп өтірікті соғатындар да бар. Су жетпесе, кінә – сушыдан. Ағашы күйіп кеткен, бақшасы қурап қалған ауыл жоқ, бәріне су береміз.

Міне, Жаркентке де келдік. Жалпы, Панфилов ауданында адам өсімі жақсы. Жылына 3000-3300 сәби дүниеге келеді. Мұндай нәтиже бізде Шымкентте болуы мүмкін, басқа жерде бола қоймас, – деп күлдіріп қойды Тоқтарбай аға.

Одан соң Қытаймен шекараға келдік. Мұнда «Достық» деп аталатын бірлескен су торабы бар екен. Екі елдің бірлесіп салған құрылысы әжептәуір үлкен. Басында қонақүйі де бар.

– 1991 жылға дейін әркім қолдағы бар техникасымен Қытаймен суды бөлісіп отырған. Сол кезде Нариман Қыпшақбайұлы деген кісі бастама көтеріп, торапты салуға күш салады. 2011 жылы басталған құрылыс 2013 жылы аяқталды. Әнеукүні Нариман ағамыз өзі келді осында. Аты-жөні жазылған арнайы тас ескерткіш қойдық.

Қытаймен ақшаны теңдей қосып, жасалды. Негізгі жұмысты Қытай жүргізді. Бұл жерге қанша көлемде су келсе де, автоматты түрде екіге бөліп жіберіледі. Керегін алады, қалғанын арнаға тастайды. Келген судың бәрін пайдалана береміз деген ұғым жоқ. Осы өңірден жеті өзен ағады. Жетеуі де Ілеге құяды. Іле Балқашқа құяды. Демек, Балқаштың суын өз деңгейінде ұстау үшін біз экологиялық арнаға су тастауды орындауымыз керек. Оны орындамасақ, айналаның бәрі сусыз қалады деген сөз. Сол үшін Қытаймен бірде бізде, бізде ол жақта кездесіп, мәселелерді шешіп отырамыз. Мұндай торап Қазақстанда басқа жерде жоқ шығар. Өте жақсы, сапалы жасалынған.

Қазір жоғарыдан қанша көлемде су келе жатқанын анықтайтын автомат жұмысы жасалып жатыр. Одан басқа мына таудың ұшында «Қазанкөл» деген көл бар. Өтірік айта алмаймын, оның қанша көлемде суы бар екенін білмеймін. Сол көл кетіп қалатын болса, осында келеді. Ал төменде қанша ауыл бар. Сол үшін мына жерге қақпа жасалып жатыр. Ені – 534 метр, биіктігі – 51 метр. Оған да Қытаймен бірге қаражат құйылды.

Мұнда кішігірім бағымыз бар. Ешқандай бюджеттің ақшасынсыз өзіміз-ақ ектік. Алша ектік. Әппақ боп ашылып, қып-қызыл бос пісетін әдемі жеміс. Күзге дейін көгін жоғалтпайды. Алма бақ та бар. Питомник ашсақ деген ойымыз бар, – дейді Тоқтарбай аға.

«Жау түгілі бауырыма қимайтын жер екен»

Жалпы, сол күнгі Тоқтарбай ағаның әңгімесінен түйгеніміз көп. Жоғарыда айтқанымыздай, жұмыстың жандануына, барлық мәселенің шешілуіне ең алдымен жұмыс тәртібі керек екен. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген осы, міне. Сосын тағы бір тамаша нәрсе бар. Екінші күні біраз бөгетке, арнаға бардық. Бәрінің басында да бір-бір бақ бар. Алма дейсіз бе, жүзім дейсіз бе. Бақшалар пісіп қалған шақ екен, дәмі тіл үйіреді. Жаркенттегі осы су бөлімдерін басқаратын орталықтың та бағы бар екен.

«Күзетшілер қарап отыра ма?! Жұмыс арасында осыны суарып қойса, өзіне де, елге де пайдалы емес пе. Жемісін жейді. Тағы бір демалыс орнын салып жатырмыз. Бұйырса, келесі жылы бітірсек, біраз ақын-жазушыларды, журналистерді қонаққа шақырамын»,– дейді Тоқтарбай аға.

Істің адамы. Жұмыстың бәрі көрініп тұр. Тоқтарбай ағаның аты-жөнін интернетке жазып көрсем, бұл кісінің еңбегі жайлы жазылған біраз мақала алдымнан сайрап шыға келді. Алды бас газетімізге шыққан. Ақын Ғалым Жайлыбайдың өлеңі де бар екен.

Сен сөйлесең кей-кейде сүлейлердей, 
Қайғы көрмей жүрерміз, үрейге ермей.
Дүниесі түп-түгел жан секілді,
Су иесі киелі Сүлеймендей.

Жан екенсің ары әппақ, таза иманы,
Жүрегімде тербеттім нәзираны.
Жаға таптым жігіттер, қамқа тонға
– Аға таптым Жаркенттен жази ралы,
 – деп толғаныпты.

Ал Жаркеттің табиғаты бөлек әңгіме. 2013 жылы біраз ақын-жазушы өңірге келіп, ел-жұртпен кездесіп, тамаша табиғатпен тілдесіп қайтыпты. Сондағы Әбіш Кекілбаевтың сөзі екен: «Жау түгілі бауырыма қимайтын жер екен», – депті абыз.

Иә, осының бәрі су болмаса көктеп-көгерер ме еді?! Тіршіліктің көзі дегенді әмсе ұға бермейміз-ау. Осынша тіршілікпен танысып қайтқан соң, «судың да сұрауы барын» еске алдық…

Асылан ТІЛЕГЕН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған