Алматыда келешекте су тапшы бола ма?

Алматы жұртшылығы қандай су көздерін тұтынуда, су сапасы қандай, крандағы суды ішуге бола ма? Күнен-күнге өсіп жатқан шаһарда болашақта су тапшылығы болуы мүмкін бе деген сауалдарға «Алматы су» кәсіпорны бас директорының орынбасары әрі бас инженері Нуриддин Жарболов жауап берді.

Қазір Алматыда қандай су көздерін қолданып отыр, тау суы ма әлде жер асты суы ма?

Әрине, жер асты және өзен суларын да пайдаланудамыз. Жер асты суы тікелей пайдалануға жарамды, онда ешқандай өңдеу жұмысы жүргізілмейді. Артезиандық ұңғымалардан алынған сулар барлық стандартқа сәйкес келетіндіктен олар тазарту жұмыстарын талап етпейді. Оларға тек залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ 30-35% өзен суын қолданамыз. Яғни Үлкен Алматы мен Кіші Алматы өзендерінен аламыз. Негізінен су тұтынушыларға жеткізілмес бұрын бірнеше тазарту сатыларынан өткізіледі, яғни тұндыру, коагуляция, сүзгіден өткізу, залалсыздандыру дегендей.

Жалпы орташа есеппен бір адам қанша мөлшерде су жұмсайды?

Кеңес өкіметі кезінде 2000 жылдарға қарай әр адам күніне 600-ден 1000 текше метрге дейін су жұмсайды деген болжам жасалатын. Ол кезде адамның өмір сүру деңгейін суды пайдалану мөлшерімен көрсеткен. 1996 жылдан бастап үкімет суға есептегіш құрал қою туралы шешім қабылдады. Осылайша өндіріске пайдаланатын сулар есептегішпен қамтылған. Жеке тұрғындардың 70 пайызға жуығы және жалпы ортақ су өлшегіш те есеп құралымен қамтылған. Осының арқасында 2000 жылдардан бастап судың тұтыну деңгейі төмендеп келе жатыр. БҰҰ белгілеген нормасы бойынша адам тіршілік ету үшін күніне 70-тен 130 литрге дейін су пайдалану керек екен. Біз сол мөлшердеміз, қазір бір отбасы айына 10 текше метрдей су тұтынады. Сондай-ақ судың мөлшеріне қатысты ешқандай шектеу қойылып отырған жоқ. Тұрғындар суды қажетінше емін-еркін пайдалануда.

Халықтың суды пайдалану мәдениеті дұрыс қалпытасқан ба әлде көп ысырап жасай ма?

Біздің халықтың суды пайдалану мәдениеті қалыптасқан. Өйткені суды тұтыну мөлшері дұрыс деңгейде. Одан кейін халықтың 95-98 пайызы суға төлемді уақытында жасайды. Кешіктіріп төлейтіндер, суды ұрлайтындар, өз бетінше қосып алатындар әрине кездеседі, алайда олар аз.

Халықтың 70% суды есептейтін құралды қойған. Ешкімді қазір күштеп қойдыра алмайсың. Жұрт оның тиімділігін түсінді. Бұрын кранда су аққан күйі қалып кете беретін, қазір адамдар оны бірден жөндеп, суды босқа ысырап жасамауға тырысады. Халықты суды үнемдеу мәдениетіне үйреткен осы есептегіш құралдар. Бұрын совет кезінде «Суды үнемдеңіздер» деген ұран тұратын, оны көбі елей бермейтін. 1990 жылғы есепке қарасам ол кезде көпқабатты үйлерде бір адам күніне 350-400 литрге дейін су пайдаланатын. Қазір бұл көрсеткіш 3 есе төмендеді. Бұл мәдениет сол есептегіш құралдармен бірге келді.

Ысырап жасағаннан бұрын, суға заңсыз қосылып алады. Соңғы жылы ауыз суға заңсыз қосылғандар саны 3000 мыңға жуық. Суға қосылу үшін заңмен белгіленген арнайы жиналатын құжаттар реті бар. Ең бастысы Өкілетті мемлекеттік мекемелерден техникалық шарттарды алып, соған сәйкес құбыр жүргізу қажет. Әрине, көп ретте жеке тұрғындар қалалық су жүйесіне қосылу үшін құжат рәсімдеудің ұзақ әрі қиын жүргізілетінін алға тартады. Бірақ тексеру жұмыстары бар, рұқсат мөрі қойылу керек, оған қарап, заңды белшесінен басуға тағы болмайды. Осыған орай тұтынушылардың сұранысын қарастыра отырып, құжат рәсімдеуді неғұрлым жеңілдеттік.

Судың сапасы жайында не айтар едіңіз, крандағы суды ішуге бола ма?

Судың құрамында микро элементтер болу керек және оны тексеру әдістері бар. Санитарлық талаптарға сай белгіленген ережелерден өтеді. Бірінші химиялық қоспалар, екіншісі бактериалогиялық ластанулар. Су мұның екеуінен де сынамадан өтеді. Күнделікті сынамада қайсы элемент қай мөлшерде екені көрініп тұрады. Сонымен қатар өзінің шектеуі бар, осыған сай келетін судың барлығы ішуге жарамды. Алматы тұрғындарының қауіпсіздігін қорғау мен денсаулыққа төнетін қатердің алдын-алу мақсатында су залалсыздандыру технологиясы жетілдіріп, жаңартылды. Бірнеше жылдан бері қаланың суды дайындау станцияларында суды залалсыздандыру үшін газ тәрізді хлордың орнына кәдімгі ас тұзынан электролиз әдісімен алынатын натрий гипохлориті қолданылады. Натрий гипохлориті – хлорға қарағанда белсенділігі жоғары, пайдалануда қауіпсіз, жанбайды, жарылмайды және қолданысы қарапайым. Қалада күніне 2000-ға жуық ауыз суға сынама жасалады. Тұтынушылар үйіндегі суының сынамасын жасата алады және ол тегін жасалады.

Судың сапасын кімдер тексеріп отырады?

Алматы су мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының аттестатталған өндірістік зертханасымен, Алматы қаласы су құбыр жүргізуден таралатын сумен жабдықтау көздерін және ауыз су сапасын бақылау жүзеге асырылады. Табиғи су әртүрлі минералдармен, кальций тұздарымен және магнимен байытылған.

Қаланы сумен қамтамасыз етуде қандай шаралар қолға алынып жатыр?

Келешекте тіршілік нәрін ысырап қылмас үшін, мекеме суды өндіруден бастап, халыққа таратуға дейінгі кезеңдерді автоматты жүйеге ауыстырмақ. Бұл жүйеге өтудің арқасында су желілеріндегі орын алатын ысыраптар мен ахаулардың алдын алуға болады.

Су тарифі жайында не айтар едіңіз, алдағы уақытта баға өсуі мүмкін бе?

Бізде су құны өзге аймақтармен салыстырғанда арзан. Келешекте су тарифі өсуі мүмкін, бірақ ол оншалықты көп емес. Өйткені 2-3 есе өседі деген болжам жоқ. Бағаның құлдырауына, шетелден келетін заттардың қымбаттауына және жұмысшылардың жалақысын көтеру мақсатында ғана аздап көтерілуі мүмкін. Ал көлемді, бірнеше есе көтеру деген болжам жоқ.

Қазір Алматы қаласының көлемі күннен-күнге өсіп жатыр, келешекте су тапшылығы болуы мүмкін бе?

Судың да сұрауы бар. Расыменде, қала өсіп, жаңадан ғимараттар, үлкен кешендер салынып жатыр. Қала қай шетінен болсын өсетін болса біз бірінші сол жаққа техникалық шарт мәселесін қараймыз. Бізде қазір өндірістік қуаттылық бар. Дәл қазіргі өсімге су тапшылығы болады деген қорқыныш жоқ. Дегенмен суды жер астынан да, жер бітінен де мөлшерден тыс алуға болмайды. Суды осындай мөлшерде алса табиғи ортаға зиян келтірмейді деген өзінің шектеуі бар. Алайда, біздің шектеу мүмкіндігіміз әлі бар. Қала өскен күннің өзінде де оны сумен қамтамасыз ету көздері қарастырылған. Оның үстіне қалада су қайнар көздері жеткілікті.

Жер астынан алынатын су қанша тереңдіктен шығады?

Жер астындағы су қабат-қабат болып жатады. Жоғары бөлігі 150 метрді құрайды, екінші қабаты 300 метрге дейін, одан кейін тағы бір қабаты бар. Біз қазір жоғарғы және ортаңғы қабаттарынан алудамыз.

Оқырмандарымызға суды үнемдеуде қандай кеңестер берер едіңіз?

Көрсетілген тәжірибеге сүйенетін болсақ, судың 74% қолданыста, ал 26% ысырап болады. Судың ысырап болуымен күресу үшін, тұтынушыларға суға есеп жүргізу керек. Көптеген дерекке сүйенетін болсақ, есептеу құралдарын орнатудың арқасында суды пайдалану көлемі қысқарады. Тәуелсіз сарапшылардың деректері бойынша, есептеуіш құралдарын орнатудың арқасында 33% су үнемделеді. Есептеуіш құралдарының арқасында суды емес, қаражатыңызды да үнемдейсіз. Қаражатын босқа жаратқысы келмейтін, қайда қанша қаражат төлейтінін білгісі келетіндерге , өз үйінде қожайын болғысы келетіндерге мұндай құралдың болғаны өте қолайлы. Жеке есептеуіш құралдарын орнатқаннан кейін, сіз үйіңізде тіркелмеген әр адам басына төлем жасамайсыз, аппатық, үй ішіндегі жағдайларда, көршілердің шүмегінен су ағып кеткен жағдайларда артық шығын төлемейсіздер. Сондықтан есеп құралын орнатқан тиімді. Оны орнатқан адам судың текке ағуына жол бермейді.

Әңгімеңізге рахмет!

Ақпарат көзі: Baq.kz.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *