Шайзада Шынтемірова, ардагер: Су саласындағы маман үшін ынта-жігер мен ізденістің орны зор

Су шаруашылығы саласында 40жылдай еңбек етіп, «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облыстық филиалы жұмысына әлі де өзіндік үлесін қосып келе жатқан ардагер қызметкер Шайзада Шынтеміроваұзақ жылғы жинағантәжірибесімен бөлісіп, su24.kz сайтына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

– Шайзада Жамбылқызы, аталған салада ерінбей еңбек етіп, көп жылғы тәжірибеңізді бүгінгі жас буынға әлі де үйретіп жүрген ардагер қызметкерлердің бірісіз. Осы ретте еңбек жолыңызды қалай бастағаныңыз жайлы айтып өтсеңіз?

Мектепті тәмамдағаннан кейін Шамалғанда орналасқан бұрынғы Алматы гидромелиоративтік техникумына оқуға түстім. 1978-1981 жылдары аралығында сонда білім алып, жолдама арқылы қазіргі Кербұлақ ауданында еңбек жолымды бастадым. Ол жерде 2 жыл шамасында қызмет жасай жүріп, өзіме керек мол тәжірибе жинақтадым. 1984 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Талдықорған ауданы деп аталған қазіргі Ескелді ауданындағы су шаруашлығы мекемесіне ауыстым. 2011 жылдан бері қазіргі жұмыс орыным – Талдықорған қаласындағы «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облыстық филиалында қызмет атқарудамын.

– Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан жас талапкер алдында тарам-тарам жолдар жатады. Солардың бірі – дұрыс мамандық таңдай білу. Ал сіздің су шаруашылығы саласын таңдауыңызға не себеп болды?

–  Әуеліде бұл мамандықтың қыр-сырына аса қанық болмадым. Аталған мамандықты таңдап, оқуға түсуіме туысқандарымтікелей әсер етті десем болады. Себебі, жиен ағам осы су шаруашылығы саласында білім алып, қызмет атқарған еді. Содан кейін ата-анамның ақылымен осы салаға қарай бет бұрдым.

–  Өзіңіз еңбек еткен 40 жылға таяу уақытта біршама тәжірибе жинаған боларсыз?

– Әрине. Жоғары оқу орнын бітіргеннен бастап үздіксіз осы салада қызмет етіп келе жатқан мамандардың бірімін деп айта аламын. Қандай да бір жұмысты атқару барысында адам тәжірибе жинақтап, ысылады, сол саланың нағыз маманына айналады. Мәселен, мен де оқу бітіре салып, алғаш жұмысқа кіріскенде инженер-гидрометр маманы болып орналастым. Кейіннен тәжірибе ала жүріп, аға инженер-гидрометр, бөлім басшысы сынды лауазымдарда жұмыс атқарсам, бүгінде бас маман лауазымындамын. Сондықтан, әрқандай адам қызмет барысында сол саланың нағыз маманы атану үшін түрлі баспалдақтардан өтеді деп ойлаймын.

– Су шаруашылығы саласы деп жалпы атаумен айтқанмен де, оның құрамындағы әртүрлі бөлімдердің атқаратын қызметтері біз үшін беймәлім. Бүгінде өзіңіз қызмет етіп отырған су пайдалану бөлімі немен айналысады?

– Иә, біздегі әр бөлімнің атқарып отырған жұмыстарында өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, біздің су пайдалану бөлімі шаруа қожалықтарымен байланыс жасап, келісімшартқа отырады. Сонымен қатар, аудандарда беріліп жатқан суларды қадағалаумен және шаруа қожалықтарына берілетін сулардың мөлшерін, берілуге тиісті шамадан артық немесе кем болып қалмауына бақылау жасалынады. Сондай-ақ, әр аудандағы су шаруашылығы мекемелерін қадағалап, солармен тығыз байланыс орнатып отырады.

– Жұмысыңыздың қиындығы неде?

– Әр жұмыстың өзінің қиыншылығы, қуанышы мен жақсылығы орын алып тұрады. Дегенмен, қиышылықтың бәрі артта қалды деп ойлаймын. Себебі, еліміз егемендігін енді алған біз қызмет атқарған тұстарда біршама қиындықтарды бастан өткердік. Бұрынғы ұжымшар, кеңшарлардың барлығы тарап, жаңадан жекеменшік шаруа қожалықтары пайда болды. Алдымызда суға тапсырып берген әр шаруа қожалықтарына суды уақытылы жеткізу міндеті болды. Ал оған арнайы жасалған жағдай болмады. Кейде айлық мәселесі де ақсап қалатын. Ал бүгінде оның бәрі сол кезеңдегі естеліктер ретінде ғана есімізде.

–  Ал қызмет жасайтын салаңыздың бүгінгі тіршілігі қалай?

Әр қиындықтың артынан жақсылығы болатыны секілді, қазіргі тәуелсіз елімізде қызмет жасауға барынша жағдай жасалған. Бұрынғы қирап қалған түрлі бөгеттер мен су қоймаларын жаңартуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қаржы бөлінуде. Мәселен, Ислам даму банкінен инвестиция тартылып, Ескелді ауданындағы каналдардың барлығы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұрынғы істен шығып қалған арықтар мен каналдарды тазарту жұмыстарын жүргізуде тек қана мекеменің қаражаты жеткіліксіз болғандықтан осы тұста мемлекет тарапынан көп қолдау танытылып, көңіл бөлінуде. Бұған қоса, алдағы жылдың көктемінде тағы сол сияқты Ақсу, Алакөл, Ұйғыр аудандары мен Талдықорған қаласында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда. Тек бұл ғана емес су шаруашылығы саласына жас мамандар жұмысқа тартылып, ардагер қызметкерлер тәжірибесімен бөлісуде.

– Жас мамандар жұмысқа тартылуда дедіңіз. Осы тұста су шаруашылығы саласының бүгінгі жас буыны – жас мамандардың атқарып жатқан жұмыстарына көңіліңіз тола ма?

– Меніңше, қазіргі жас буынның өзіне байланысты ма, әлде алған біліміне байланысты ма белгісіз, білімдері аса терең емес. Бұрынғы уақыттарда жоғары оқу орнын тәмамдай салып, жұмысқа орналасқаннан соң жоғары лауазымдарға бірден орналасып жататын жастарды кездестіретінбіз. Ал жұмысқа жаңадан кіріскен қазіргі жастарды бірден басшы етуге олардың қарым-қабілеті мен деңгейі жеткіліксіздеу деп ойлаймын. Дегенмен, «бес саусақ бірдей емес» демекші, олардың да арасында қара үзіп алдыға шығатын жастар жоқ деп айтуға да келмейді. Ертеден бері еңбегі сіңіп, жұмыс атқарып келе жатқан аға буындардың арқасында көптеген жас мамандар шыңдалды, көптеген жетекші мамандар біздің орнымызды басып, аға буын атанып қалды. Мысалы, мен Ескелді ауданында жұмыс атқарып жүрген тұста іс-тәжірибеден өтуге келген жас балалардың бірімен кейіннен әріптес болдық. Бүгінде ол маман бөлім басшысы қызметін атқарып жүр. Сол сияқты біршама жастар түрлі жобалар жасап, осы саланың өркендеуіне өзіндік үлесін қосты деп айтуға болады. Сондықтан, білікті де білімді болу – жастардың өз қолында деп есептеймін.

– Ал білікті де білімді маман атансын деген жас мамандарға қандай ақыл-кеңес бересіз?

– «Талаптыға нұр жауар» демекші, мықты маман боламын дейтін жастар талпынып, талаптанып тұруы шарт. Тек бұл ғана емес, өз кәсібін шынайы жақсы көруі шарт. Жүрдім-бардым жасалған жұмыстан ешқашан жақсы нәтиже шыққан емес. Су саласындағы маман үшін ынта-жігер мен ізденістің орны зор.

– Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан Лина АЙДЫНҚЫЗЫ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *