Алматы облысындамал саны бойынша алдыңғы орында тұрған Жамбыл ауданында төрт түлікті өсіруге қашаннан ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұнда жарты миллионның үстінде қой-ешкі бар. Оның сыртында шамамен 80 мыңнан аса ірі қара мен 20 мыңға жуық жылқы бағылады. Қазақтың ежелден қалыптасқан жайылым ауыстыру дәстүріне сай жаз шыға малын жайлауға өргізетін шаруашылықтардың бірі – «Сұңқар» шаруа қожалығы.

Оның иесі ауданның және Алматы облысының Құрметті азаматы Дүйсебек Малдыбаев – бұл салада мол тәжірибесі бар білікті маман. Кезінде ірі шаруашылықтарда бас зоотехник, бөлімше басқарушысы,  директордың орынбасары сияқты лауазымды қызметтер атқарған ел ағасы жасы жетпістің мол үстіне келгенімен әлі де еңбектен қол үзбей, мал шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосудан жалыққан емес.

Аудан орталығы Ұзынағаш ауылдық округі бойынша Кішісаз, Ойбастау, Көлбастау, Тасқора, Сарыжазық жайлауларының шөбі шүйгін, сай-саласы жылда жаз айы басталысымен төрт түлікке толады. Биыл да сол қарқынынан жазбады. Аталған жерлерде ұзынағаштықтардың иелігіндегі 2500 ірі қара, 17 мың қой-ешкі, 1100 жылқы таудың салқын ауасында қоректенді.

«Сұңқар» шаруа қожалығының негізгі малы Кішісаз жайлауында. Тау баурайы салқын, шөбі шүйгін, суы таза болғандықтан малға аса жайлы. Мұнда күзге дейін қоң жинап, көктемдегі төлі жылдам ет алып, өсіп, күздеуге күйлі түседі. Дүйсебек ағаның айтуынша, қожалықта барлығы 1800 қой, 180-дей ірі қара, 150-ге жуық жылқы бар. Қазір сауын сиырдан басқасының дені жайлауда. Ауыл маңындағы қашарда қалған 50-60 сиыр ертелі-кеш сауылып, сүті келісімшарт бойынша Еңбекшіқазақ ауданындағы «Фуд Мастер» сүт зауытына өткізіледі. Арнайы салқындатқышта сақталатын сүтті аталған зауыттан күнара көлік келіп, майлылығын тексеріп қабылдайды.

Қысқа қажетті жемшөп қорын жинауға керек техниканың барлығы қожалықтың өзінде бар. Бірнеше трактор, жүк көліктері мен арнайы техникалар жұмысқа қай кезде болсын сақадай-сай дайын тұрады. Иелікте 550 гектар жері бар. Оның басым бөлігі мал жайылымы болса, 15 гектары жүгері, 7 гектар көпжылдық шөп, 100 гектар арпа-бидайға арналған. Күз мезгілінде арпа мен бидай алқабы шабылады, жүгері орылып, одан сүрлем дайындалады. Шаруашылық малын қыстан қоңды шығару үшін 250 тонна шөп, 120 тонна жем, 400 тонна сүрлем қажет. Ол меже орындалатынына ет және сүт өндірісін жолға қойған қожалық басшысының сенімі мол.

Серік САТЫБАЛДИЕВ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *