Нұритдин Бегманов, кооператив төрағасы: Еңбек еткен адамға алынбайтын асу жоқ

Ел ішінде еңбегімен еленіп халыққа қалаулы болып жүрген жандар аз емес. Табан ақы маңдай терінің арқасында ауыл шаруашылығын дөңгелетіп ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып жүргендер баршылық. Ел экономикасының тірегі – ауыл шаруашылығы екені белгілі. Бүгінде осы саланы ұршықша иіріп, кәсібінің нәсібін көріп жүрген азаматтардың бірі – Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Тастөбе ауылындағы «Қызыл Дихан қожалығы» өндірістік кооперативінің төрағасы Нуритдин Бегманов осы саладағы жарқын жетістіктерімен, өзіндік тәжірибесімен бөлісіп, su24.kz сайтына сұхбат берді.

 

Сіздің негізгі мамандығыңыз қандай? Еңбек жолын қай саладан бастадыңыз?

Мен өзім 1990 жылы Талғар ауылшаруашылық техникумын «Зоотехник» мамандығы бойынша тәмамдағам. Одан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Мелиорация, жерді баптау және қорғау мамандығы бойынша бітіргем. Сол үшін де маған ауыл шаруашылығы саласы етене жақын. Алғашқы еңбек жолымды 1989 жылы бұрынғы «Куйбышев» совхозында механизатор болып бастағам. Міне осы 30 жылға жуық уақыттан бері ауыл шаруашылығынан бір сәтке болса да алыстап көрмегенмін.

 

Өзіңіз басқарып отырған «Қызыл дихан қожалығы» өндірістік кооперативінің алға қойған басты мақсаты не? Қазіргі таңда өндірістік кооперативтің жұмысы қаншалықты өркендеуде?

Халқымызда «Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөз бар. Мен өзім осы өңірдің тумасы болғандықтан ең бірінші өзім өскен өлкені өркендетуді басты масқат етіп қойдым. Міне биыл шаруашылықтың төрағасы болып сайланғаныма 5 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында көптеген тындырымды тірілктер атқарылды. Әлі де атқарылар шаруалар аз емес. «Қызыл Дихан қожалығы» өндірістік кооперативінің негізгі алға қойған бағыты – қант қызылшасын өсіріп, нарыққа шығару. Мұны қолға алғанымызға да 3-4 жылдың жүзі болды. Биылдан бастап тамшылатып суару әдісін қолға алдық. Қазір 40 гектар алқапты осы әдіс арқылы суғарудамыз. Тамшылатып суғару әдісі суды үнемдеуге, мол өнім алуға тигізер септігі өте зор. Білесіздер бүгінде бос жатқан жерлер, кеңестік кезеңнен қалып, бүгінгі іске аспай тұралап тұрған фермалар өте көп. Сол игерілмей жатқан бос жерлерді игеріп, тұралап қалған фермаларды қайта жандыруда біздің басты мақсатымыз болып отыр. кезеңнен қалып, бүгінгі іске аспай тұралап тұрған фермалар өте көп. Сол игерілмей жатқан бос жерлерді игеріп, тұралап қалған фермаларды қайта жандыруда біздің басты мақсатымыз болып отыр. Сонымен қатар, былтырғы жылдан бастап біздің кооператив элиталық тұқым және тұқым шаруашылығы статусын алды. Тұқым

шаруашылығына дендеп кірісіп, көршілес шаруашылықтарға сапалы тұқым жеткізуді көздеп отырған жайымыз бар. Бүгінгі таңда арпа, бидай, мақсары секілді негізігі 3 дақылдың тұқымын өндірудеміз. Бұдан бөлек, мал шаруашлығына да бел шеше кірістің. Сүт өнімдерін шығаруды негізігі бағыт ретінде ұстанып отырмыз. Айталық, биыл 58 бас тана алдық. Енді алға қойып отырған міндет осы таналарды көбейтіп, толықтай сүт бағытына бет бұру.

 

Осы шаруашылықта қанша техника бар, қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз, сол жайлы толығырақ айта кетсеңіз.

Қазір шаруашылықта негізінде 30 дан аса адам жұмыс жасайды. Бірақ науқан кезінде 100 ден аса адам жұмысқа тартылады. Себебі, өздеріңіз білесіздер қант қызылшасын өсіріп, оны жинау көп күшті, еңбекті талап етеді. Енді қожалықтың иегелегінді техникаларға келетін болсақ, кооперативте 10 ға жуық трактор, 2 жүк автомашинасы, 5 дәнсепкіш, 2 астық комбайны, 2 щөп тайлағыш, 2 бүріккіш бар. Жалпы, адам, техника күшінен ешқандай мәселе туындаған емес.

 

– «Қызыл Дихан қожалығы» өндірістік кооперативі қандай дақыл түрлерін егіп, қанша өнім алуда?

Алысқа бармай-ақ, биылғы егілген өнім мен алынған өнімнің көлеміне тоқтала кетейін. Ағымдағы жылы 743 га күздік бидай, 400 га жаздық арпа, 95 га дәндік жүгері, 100 га қант қызылщасы, 20 га көкөніс, 7 га нут, 466 га көпжылдық щөп, 310 га сүрі (пар) егілген болатын. Әрине ауа-райының қолайсыздығына байланысты біраз кедергілер кездесті, дегенмен биылғы алынған толықтай көңілімізден шығып отыр.

 

 

– «Қазсушар» РМК ЖФ-ы сіздің шаруашылықты қаншалықты сумен қамтып отыр? Мекеменің мемлекеттік бағдарламаға  сәйкес атқарып  жатқан  жұмыстары  жайлы хабардарсызба?

«Қызыл дихан қожалығы» өндірістік кооперативінде судан ешқандай кедергі жоқ.  Мен Қапал каналынан бөлінетін Кейкі және Тасарық каналдарымен су аламын. Аталған каналдар бүгінгі күнге республикалық меншікте. Осыған орай, бүгінгі күнге дейін судан таршылық көрген емеспіз.

 

Айта кететін жайт, осыдан бірнеше күн бұрын Су ресурстары комитетінің төрағасы И.Әбішев мырза арнайы келіп, Әлем банкінің қаржыландыру арқылы Қапал каналында жүргізілетін жұмыстар жайлы айтты.

Атап айтқанда, «Ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру-2» бағдарламасы аясында құны 3,6 млрд теңгеге Қапал каналының  108 км  болатын 24 ішкі шаруаралық каналдарымен бірге, толық қайта қалпына келтіріледі. Оның ішінде, 56 км бұзылып кеткен лотоктар,  52 км жер арналар механикалық тазалаудан өтеді. Нәтежесінде  5000 гектар суармалы жердің сумен қамтылуы ұлғаяды.

Одан басқа, аудан аумағында «Еуропа қайта құру және даму банкі» тарапынан қаржыландыру арқылы 14 556 гектар суармалы жерлерді қайта іске қосу мақсатында 74 нысанды қалпына келтіру іс-шаралары атқарылуда.

Қазіргі таңда қалпына келтірілетін суармалы жер көлемі 798 гектарды құрайтын 3 нысан: Бошмойын, Бескемпір, Талас-Аса каналдарының құрылыс жұмыстарына  конкурс  жарияланды, құрлыс  жұмыстары 2019 жылдың  бірінші тоқсанынды  басталады.

Егіншілікпен айналысатын қожалықтың басшысы болғандықтан, аталған іс-шаралардың іске асуы бізге, дихандарға үлкен көмек болғалы отыр. Су арналары толығымен қалпына  келтірілген соң, алатын суымызда ауқымды, одан өндірген өнімде мол болады. Су саласында И.Әбішев мырза секілді су шаруашылығының келешегін ойлайтын, жаны ауратын басшы болғандықтан, біз ертеңгі күнге сеніммен қараймыз.

 

– Осы кәсіпті алға жылжыту жолында қандай қиындықтар кездесті? Сол қиындықтарды қалай еңсере білдіңіз?

Әрине кез-келген шаруаны дөңгелетуде көптеген қиындықтарға тап болатынымыз белгілі. Бұл шаруашлықтың алғашқы жылдарында да бірталай ауыртпалықтар болды. Ең бірінші тұқымның қымбаттығы мен оның сапасы біраз қолбайлау болғаны өтірік емес. Сондай-ақ кооперативтің тізгінін қолға алған кезеңде техникалар өте ескі болды. Көбісі істен шыққан, жарамсыз техникалар еді. Алайда, бұл мәселелер өз шешімін тауып келе жатыр. Техникалар барынша жаңартылып, шаруашылық соңғы технологиялармен жарақтандырылуда. Алла қаласа, басқа да мәселелер өз шешімін табады деген сенімдемін.

 

– Келер 2019 жылға қандай жоспарлар құрып отырсыз?

Келер жылға қойып отырған жоспарлар бізде жетерлік. Оның ішінде бастысы малдың санын, қант қызылшасынын алқабын көбейтіп, жұмысты одан әрі жандандыру. Сонымен қатар, тамшылатып суару әдісін одан әрі жетілдіріп, ол әдіспен суарылатын алқапты мейлінше ұлғайту. Жұмыстың ауқымын кеңейтсек, жұмысшы саны да арта түсетіні белгілі. Бұл да болса біраз адамды жұмыспен қамтуға сеп болар еді.

 

– Ауыл шаруашылығын қолға алып, дамытамын деген жандарға қандай кеңес берер едіңіз?

Бұл сала оңай көрінгенімен, қиындығы мен қызығы мол сала. Ауылшаруашылығын өркендететін білімді де білікті кадрлар екені белгілі. Сол үшінде сондай мамандарды дайындау аса өзекті болып тұр. Әрине, осы салға бет бұрамын, ілгерілетемін деген жастардың қатары көбейіп жатса ол бәрімізді тек қана қуантады. Бұл ауылшаруашылық саласы бұрынғы бабаларымыздан мирас болып келе жатқан халқымыздың ата кәсібі деуге болады. Ендеше оның қиындығынан қашпауымыз керек. Ауылшаруашылығына ниет білдірген жас буынның қарасы артып жатса ол ел экономикасының дамуына жетелейтін негізгі шарт екені белгілі.

 

– Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

 

Сұхбаттасқан Ақбота Бегулина

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *