Қарағанды облысында су қоймасын қайта құру басталды

Қарағанды облысында Самарқанд су қоймасын қайта құру жұмыстары басталды. Орталық Қазақстанның ең ірі бөгенін жаңартуға республикалық бюджеттен 2,6 млрд теңгегеден астам қаражат бөлінді.

Аймақтың ірі кәсіпорындары мен саяжайларын қамтып отырған су қойманы заманауи жабдықтау, облыстың суармалы жерлері аумағын ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Қазір қоймадағы судың көлемі 254 млн текше метрді құрайды. Қайта құрудан өткеннен кейін ол аймақтың 28 мыңға суық гектар жерін суаруға қауқарлы болады.

Дүйсембай Әбжанов, «Қазсушар» РМК Қарағанды филиалының директоры: – Самарқанд су қоймасының құрылысына мемлекеттен «Апатты су қоймаларын қалпына келтіру» бағдарламасы аясында қаражат бөлінді. Жобалық-сметалық құжаттарды дайындау кезеңі аяқталып та қалды. Бұл жобаны жүзеге асыруға германиялық серіктестер көмектесуде. Самарқанд су қоймасын қайта құру жұмыстары барысында шағын су электр станциясы салынады. Оның қуаттылығы сағатына 1 мегаватты құрамақ. Станция жылына 8 млн киловатт электрқуатын өндіретін болады. Өндірілген жарық көзі су қойманың қажеттілігіне жұмсалатын болады.

Тотан Әубәкіров, «Қазсушар» РМК Қарағанды филиалы өндіріс бөлімінің басшысы: – Қайта құру үрдісі су торабының үзіліссіз сенімді жұмыс жасауына мүмкіндік бермек. Құрылыс барысында заманауи инновациялық технологиялар қолданылады. Нысан заманға сай технологиямен қамтылады. Су қойма қоршауға алынып, бейнебақылау орнатылады. Жұмыстың бәрі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. «Қазсушар» мекемесінің қарағандылық филиалы 500 млн текше метрді құрайтын республикалық деңгейдегі 7 су қоймаға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар 10 мыңнан астам гектар суармалы жерді 65 шақырымға созылған бас арна арқылы сумен қамтып отыр. Мекеменің барлық нысандарында 180-ге жуық адам еңбек етеді. Сондай-ақ қарамағында 30-ға жуық арнайы заманауи техника бар.

Ақпарат көзі: 24.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *