Су тасқыны кезіндегі Төтенше жағдайлардың алдын алу ережелері

Жылдың жазғытұрымғы мезгілінде табиғаттың ерекше құбылыстарының бірі – көктемгі су тасқыны.  Еріген қар сулары жылғалардан ағып, сай-сала арқылы өзен-көлдерге құйып, өзен сулары көтеріліп елді мекендерге қауіп төндіреді, өмірлік маңызы зор жолдарды су басып қалады. Ауданда жыл сайын наурыз-сәуір айларында су тасқынына қарсы шаралар қабылданып келеді. Биылғы жылы аудан бойынша су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі аудан әкімдігінің 2015 жылғы 28 қаңтарда «2015 жылдың көктемгі су тасқынына қарсы алдын алу іс-шаралары туралы» №14 қаулысы қабылданып, су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі аудандық комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары, кезекшілік кестесі бекітілді және аса қауіпті жерлерді су тасқынынан қорғауға мекемелерге бөлініп берілді.

Су тасқыны кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу қауіпсіздік шараларын жасау мақсатында ағымдағы жылдың 23 ақпаны күні аудан әкімі М.Дуанбековтың төрағалығымен су тасқынына қарсы аудандық комиссия отырысы өткізіліп, тиісті органдарға атқарылатын жұмыстар жөнінде тапсырмалар берілді.

Республика бойынша 2015 жылғы көктемгі су тасқынының алдын алу және жою мақсатында ағымдағы жылдың 12-13 наурыз аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің басшылығымен  «Көктем-2015» республикалық командалық – штабтық оқу-жаттығуы өткізіледі. Аудан бойынша оқу-жаттығуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Көктемгі су тасқыны кезінде жаңбыр жауып тасқын судың мөлшерден артық болуы және өзен арнасын сең буып, тасқын судың көтерілуі тұрғын үйлерге қауіп төндіреді. Сондықтан, ауыл тұрғындары су тасқыны кезінде, тасқын судан қорғану ережелерін білулері керек және су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізетін мекемелердің жұмысшы-қызметкерлері мен техникалардың жұмысына кедергі жасамай, мүмкіндігінше қолдан келген көмекті көрсеткендері дұрыс. Ырғыз селосы мен өзен жағасына жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары өзен жағасындағы жерлерге инертті материалдар тасымалдау үшін техникалардың еркін жүруіне жағдай жасаулары қажет.

Су тасқыны кезінде Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында су тасқынына байланысты түрлі жағдайларда қандай іс-әрекет жасау жөнінде төмендегі кеңестерді назарда ұстаған жөн.

Су тасқынына қалай дайындалу керек? Егер де Сіздің аумағыңыз су тасқынынан жиі зардап шексе, су басу мүмкін жерлердің шекарасын, сондай-ақ тұрғылықты жеріңізге жақын тұрған дөңестеу сирек су басатын жерлерді, оған баратын ең қысқа жолды зерделеп, еске сақтаңыз. Отбасы мүшелерін ұйымдасқан және жекелей көшіру кезінде әрекет ету, сонымен қатар кенеттен және буырқанып келе жатқан су тасқыны кезіндегі ережелерімен таныстырыңыз. Су басып, көшіру жұмыстары жүргізілген жағдайда алып шығатын құжаттар, мүлік және дәрі-дәрмектердің тізімін алдын-ала жасап қойыңыз. Арнайы чемодан немесе рюкзакқа құндылықтарды, қажетті жылы затарды, азық-түлік қорын, су және дәрі-дәрмекті салыңыз.

Су тасқыны кезінде қалай әрекет ету керек? Су тасқыны қаупі және көшіру туралы дабылды алғаннан кейін күттірместен, белгіленген тәртіп бойынша өзімен бірге қажетті заттар мен бұзылмайтын азық-түліктің екі күндік қорын алып апаттық су басуы ықтимал қауіпті аумақтан белгіленген қауіпсіз аумаққа немесе дөңестеу жерлерге шығыңыз. Көшіру пунктіне жеткеннен кейін тіркеліңіз. Үйден кетер алдында электр қуаты мен газды сөндіріңіз, от жағу пештеріндегі отты өшіріңіз, ғимараттың сыртындағы барлық қалқитын заттарды бекітіп қойыңыз немесе қосымша жайларға орналастырыңыз. Егер де, уақытыңыз болса үйдегі құнды заттарды шатырға немесе жоғарғы қабаттарға орналастырыңыз. Есіктер мен терезелерді жауып, қажет болса және уақыт жеткілікті болса терезелері мен есіктерін сыртынан тақтайлармен жабыңыз. Оған қоса, үнемі апат туралы дабылды беріңіз: күндіз – жақсы көрінетін шүберекті ағашқа байлап іліп немесе бұлғау, ал түнде жарықтық дабылмен және дауыс беру қажет. Құтқарушылар келген кезде дүрбелең тудырмай, сақтық шараларын сақтай отырып, жүзу құралдарына көшіңіз. Құтқарушылардың талаптарын мүлтіксіз сақтап, жүзу құралдарының шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу керек. Қозғалу кезінде белгіленген орындардан кетпей талаптарын мүлтіксіз орындаңыз. Су басқан ауданнан тек қана зардап шеккендерге медициналық көмек қажет болған жағдайларда, су деңгейінің көтерілуінің жалғасуы, үйді (шатырларды) су басу қаупі болу сияқты себептер болған кезде ғана өздігінен кетуге кеңес береді. Бұл кезде сенімді жүзу құралы болып және қозғалыс бағытын білу керек. Өздігінен шығу кезінде апат дабылын беруді тоқтатпау керек. Суда малтып жүрген және батып жатқан адамдарға көмек көрсетіңіз. Егер адам батса батып жатқан адамға жүзетін зат лақтырып, оны сергітіңіз, көмек шақырыңыз. Зардап шегушіге бару кезінде өзен ағысын ескеріңіз. Егер батушы адам өзінің іс-әрекеттерін бақыламаса, оның артынан жүзіп барып, шашынан ұстап алып, жағалауға сүйреңіз.

Су тасқынынан кейін қалай әрекет ету керек? Ғимаратқа кірер алдында қандай да болмаса бір заттың құлау немесе қопарылу қаупі бар ма, жоқ па, тексеріңіз. Жайды желдетіңіз (жиналып қалған газдан тазарту үшін). Жайларды толық желдетпейінше және газбен қамту жүйесінің жарамдығын тексермейінше электрді қоспаңыз, ашық отты пайдаланбаңыз және сіріңкені жақпаңыз. Электр өткізгіштердің, газбен қамту, су және канализация құбырларының жұмысқа жарамдылығын тексеріп жарамдылығына көз жеткізгенбейінше қолданбаңыз. Жайларды кептіру үшін есіктер мен терезелерді ашыңыз, едендегі және қабырғалардағы кірді жуып, подвалдардағы суды шығарыңыз. Сумен тікелей жанасқан тамақ өнімдерін пайдаланбаңыз. Құдықтарды тазартуды ұйымдастырып, ондағы лас суды шығару жұмыстарын жүргізіңіз.

Үсен Боқан,

Ырғыз ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы.

Ақпарат көзі: baq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған