Алакөлге қалай барамын?

Алматы облысынының ең басты туристік орталығына айналған Алакөлге жыл сайын 10 мыңнан астам адам келеді. Бағасы жағынан да Алакөл шетелдік және қазақстандық саяхатшылардың назарын өзіне аудартып отыр. Оған қоса былтыр Алакөлде әуежай өз жұмысын бастап, демалуға келетіндердің қарасын көбеюіне әсер етті. Осыған байланысты Su24.kz сайты Алакөлге қалай баруға болады деген сұраққа жауап береді. 

Алакөл – Алматы және ШҚО-ның шекарасында орналасқан шипалы суы бар курорт. Оның оңтүстік (Алматы облысы, Көктума, Акши кенттері), және солтүстік-шығыс жағалауларында (ШҚО облысы) демалыс базалары орналасқан.

Астанадан

Астана қаласынан Алматы жақ жағалауына жету үшін, алдымен ұшақпен Алматы қаласына жетіп алып, әрі қарай автобус немесе пойызбен баруға болады.
Немесе Астанадан пойызбен тікелей Көктума станциясына дейін баруға болады. Аптасына бір рет Үрімшіге (Қытай) баратын тікелей пойызға отыруға болады, сонымен қатар Көктумаға баратын басқа да тіркемелі вагондар болуы мүмкін.
Астана қаласынан Семей жақ жағалауға жету үшін, алдымен Семей қаласына жетіп алып (ұшақ, пойыз не автобус арқылы), Семей-Алакөл бағытындағы тікелей автобусқа отыруға болады.

Алматыдан

Алматы қаласынан Алакөлдің оңтүстік жағалауына жеткен анағұрлым ыңғайлы. Алматыдан пойызбен Көктума станциясына дейін билет ала аласыз. Көктума және Акши кенттері бір-біріне жақын орналасқан. Алматы автовокзалынан күн сайын автобус рейстері де қызмет көрсетеді. Жеке автокөлікпен шығатын болсаңыз, жол шамамен 650 шақырымды құрайды (10 сағат уақыт шамасында).

Әуе көлігімен

Егер ұшақпен жолға шығатын болсаңыз, Семей жақ жағалауға бару үшін әуе ұшағына билеттерді Семей қаласына, Алматы жақ жағалауға бару үшін Алматы не Талдықорған қалаларына дейін алып, әрі қарай автобуспен немесе автокөлікпен жетесіз.

Пойызбен

Пойызбен жолға шықсаңыз, темір жол билеттерін Көктума станциясына дейін аласыз. Бұл станция Алакөлдің оңтүстігіне жетуге ыңғайлы. Егер шығыс жағалауына барам десеңіз, Семей бағытына алуға тура келеді. Әрі қарай Семей – Алакөл тікелей автобусына отыруға болады.

Автобуспен

Алакөлге дейін автобуспен баратын ойыңыз болса, Алматы жақ жағалауына жету үшін, Көктума кентіне дейін билет алуға болады. Ал Семей жақ жағалауына жету үшін, Семей-Алакөл бағытындағы тікелей автобуспен баруға болады.

Автокөлікпен

Алакөлге жету үшін Шығыс Қазақстан облысының немесе Алматы облысының автокөлік жолдарының картасы қажет болуы мүмкін.

Демалыс орындарының бағасы

Алакөлдегі демалыс орындарының бір күндік бағасы 2000 теңгеден басталып, 35000 теңгеге дейін жетеді. Ал орташа баға шамамен 4000-10000 аралығында.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған