Әділхан Әбілмәжінов, су саласының ардагері: «Еңбек жолым Ақсу ауданынан басталды»

Су шаруашылығы саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер зейнеткер Әділхан Әбілмәжінов көп жылғы тәжірибесімен бөлісіп, Su24.kz сайтына сұхбат берді.

– Су шаруашылығы саласында 40 жылдан аса ерінбей еңбек еткен ардагерлердің бірісіз. Осы саладағы еңбек жолыңызды қалай бастадыңыз?

– 1947 жылы дүниеге келдім. 1966 жылы орта мектепті бітіріп, сол жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына оқуға түстім. Бұл білім шаңырағын 1971 жылы ойдағыдай тәмамдап, гидротехник маманы атанып шықтым. Жоғары оқу орнын бітіргеннен бастап үздіксіз осы салада қызмет етіп келе жатқан мамандардың бірімін. Еңбек жолымды Ақсу ауданындағы Суландыру жүйелері басқармасының бас инженері қызметінен бастап, арада түрлі дәрежедегі лауазымдарда жұмыс атқардым. 2002 жылдан бастап облыстық су шаруашылығы мекемесінде жұмыс жасап, 2010 жылы зейнетке шыққаннан кейін «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облыстық филиалында қызмет еттім.

– Осы салаға келуіңізге не себеп болды? Бұл мамандық несімен қызықтырды?

– Біз орта мектепті бітірген жылы Орталық комитеттің пленумы өткізілді. Аталған пленумда жерді суландыру мәселесі қаралып, оны жүзеге асыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады. Осы барыста бұл саланың қызықты тұстарын нақтылай білу үшін аталмыш мамандықты таңдай отырып, институт студенті атанып кеттім.

– Қызығы мен шыжығы қатар жүретін күнделікті жұмысыңызда қандай кезеңдерді бастан өткердіңіз?

– Негізі, су шаруашылығы – көп салалы жұмыс. Бұл салада өсімдіктің агротехникасынан бастап, су құрылысынан хабардар құрылысшы, суды жоспарлап, бөлетін гидротехник маманы бола білуің қажет. Сондықтан да өте қызықты мамандық деп айтуға әбден болады. Кешегі біз қызмет атқарған Кеңес үкіметі кезеңінде жұмыс жасау құрылымы қазіргіден мүлдем өзгеше болды. Ол кездерде үкімет тарапынан жоспар беріліп, сол жоспар негізінде жұмыс атқаратынбыз. Бүгінгі таңдағы жұмыс барысында айтарлықтай өзгерістер бар. Себебі, су шаруашылығы нысандарының өзі республикалық, коммуналдық және жеке меншікке бөлінгендіктен, бір жүйеге келтіріп, бір жоспар негізінде жұмыс жасау қиын. Сондықтан бұл мәселелер жүйесінің бірізділікке түсуі үшін әлі де талай жұмыстар атқарылуы тиіс.

– Осы уақытқа дейін Алматы облысы аумағында жұмыс атқардыңыз. Бүгінде өңірдегі су шаруашылығы еліміздің басқа облыстарымен салыстырғанда қандай деңгейде жұмыс атқаруда?

– Облысымыз суармалы жер көлемі жөнінен республикада бірінші орынды алады. Өңірдегі жұмыс қарқыны күннен күнге дамып, бүгінгі таңда өзге облыстардан оқ бойы алда келе жатыр. Алдымен жеке мекеме болып жұмыс жасап, 2011 жылдан бастап «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облыстық филиалы ретінде құрылғаннан кейін бұл салада айтарлықтай ілгерілеу басталды. Жыл сайын мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, жаңа жерлер іске қосылып, жұмыстың қарқынды алға басуына зор ықпал тигізуде. Мәселен, қазірде Қызылағаш су қоймасында үлкен құрылыс жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ, республика көлемінде баламасы жоқ Қытаймен екі ортада орналасқан Панфилов ауданындағы «Достық» біріккен су торабын айтпай кету мүмкін емес. Осының барлығы бұл саланың айтарлықтай дамуының көрінісі деп айтуға әбден болады.

– Ал осы саланың бүгінгі жас буыны – жас мамандардың атқарып жатқан жұмыстарына көңіліңіз тола ма? Осы мамандықтың иесі атанамын деуші жастарға айтар қандай ақыл-кеңесіңіз бар?

– Қазіргі таңда нағыз маман дайындау – ең негізгі мәселе. 2011 жылға дейінгі уақыттарда осы салада маман деген жоқтың қасы болды. Сол кезден бастап мекемедегі мамандарды сырттай оқуға жіберу арқылы білікті мамандар даярладық. Бүгінде бұрынғыдай білім жоқ дегенмен де, ертеден бері еңбегі сіңіп, жұмыс атқарып келе жатқан аға буындардың арқасында көптеген жас мамандар шыңдалды. Көптеген жетекші мамандар біздің орнымызды басып, аға буын атанып қалды. Қазіргі заман цифрлы техниканың заманы екені бәріне белгілі. Сондықтан, біздің уақытпен салыстырғанда қазіргі жұмыста жеңілдіктер өте көп деп айтуға болады. Тағы бір айта кетер жайт, облыста мамандар саны жеткілікті, ешқандай маман тапшылығы байқалмағанымен, аудандардағы шаруашылықтардың ішінде кадр тапшы. Бұл мәселені жою үшін маман даярлау ісіне баса көңіл бөлінуі керек деп есептеймін. Ал ең бастысы – нағыз маман жан-жақты болуы және өз мамандығын жақсы меңгеруі шарт.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *