Мұрат Тағаев: «Мақсат – халық сұранысын қанағаттандырып, жұмыспен қамту»

«Ордабасы-құс» ЖШС директоры Мұрат Құлмырзаұлы Тағаев өзінің бизнеске келуі, осы саладағы жетістіктері мен кәсіпкерлік жолындағы ұстанымдарымен бөлісті. 

 Сіз осы бизнес саласына қалай келдіңіз?

Бұл туралы айтатын болсам, өзімді-өзім танығалы осы салада қызмет жасаймын.Кеңес Одағы тарағаннан кейін, 1991 жылы еліміз  тәуелсіздігін алып, нарықтық экономикаға өткен кезеңде еліміз үшін жаңа бастама алдық. Осы уақытқа дейін бұл сала ауыл шаруашылығы, оның ішінде құс шаруашылығы деп аталатын. Орта және жоғарғы оқу орындарын бітіре салысымен, Кеңес Одағы кезіндегі жоспар бойынша жас мамандарға арнайы бағыт беріп, өзіме қатысты құс шаруашылығы бойынша қазіргі Маңғыстау, бұрынғы Маңғышылақ облысының Ақтау қаласындағы құс фабрикасынан мансабымды бастадым. Содан бері құс шаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқаныма 40 жылдай уақыт болды. Енді қазіргі заманда ауыл шаруашылық саласы кәсіпкерлік саласына айналды. Сол бағытта осы саланың ащы-тұщылығын татып, қиыншылықтарын көріп, Кеңес Одағы кезіндегі және жаңа бағыттағы жағдайлар мен мүмкіншіліктерді көріп келе жатқан азамат боламыз.

Жоғарыда бизнесіңізді бастар алдында біраз қиыншылықтарға тап болдық делінді. Осы жайлы толығырақ тоқталып өтсеңіз!

Біз үшін қиыншылықтың ең үлкені нарықтық экономикаға өту кезеңі болды. Кеңес Одағы кезінде жоспарлы экономика бойынша жұмыс жасалынған болатын. Өте дарынды мамандар шығарылып, бізді жақсы оқытты. Өзім Сарыағаш ауданындағы Қапланбек зоотехникалық малдәрігерлік институын, содан кейін Алматы зоотехникалық малдәрігерлік  институтын бітіргенмін. Сеніммен айта аламын ол жердегіалғашқы теориялық білім алуым өте жоғары дәрежеде болды. Сонан соң, еңбек барысындағы құс шаруашылығы саласындағытанымал ардагер, менің алғашқы ұстазым, осы саланың беделді маманы – Досболов Әбілқасым Үсіпбайұлын атап өтемін. Жолдамамен Манғыстау облысына барғанымда, осы кісі қызметте жүрді. Осындай мен үшін сәтті кездесу болып, қызметімді бастадым.

Енді қиыншылықтарға тоқталсақ, қызметіміз тура Кеңес Одағы ыдырап, нарықтық экономикаға өту кезеңіне тап болды. Сол кезеңде құс фабрикаларының жұмысы шарықтау шегіне жеткен болатын. Биыл құс өндірісінің Кеңес Одағынан бері құрылғанына 50 жыл болды. Қазақстан бұл салада 3 орында еді. Яғни, бірінші орында – Ресей Федерациясы, екінші орында – Украина Республикасы  болып келді. Бірақ, экономика құлдырап, инфляция 1000 %-дан 2000 %, тіпті 3000 % – ға көтерілген дәрежеде қатты қиынға соқты. Сол кезде осы құс шаруашылығын сақтап қалу үшін қолымыздан келетін барлық амалды қолдандық. Осының арқасыда қазіргі таңда республикамызда құс шаруашылығы өте жоғары дәрежеде дамып, Кеңес Одағы кезіндегі үздік үштіктің ішінде  келе жатырмыз.

Жұмыс барысында Сіз және Сіздің компанияңыз қандай жетістіктерге жетті?

Ең біріншіден, жетістіктеріміз  Ұлт басшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саралық саясатымен тікелей байланысты. Себебі, тағы да айтып өтемін, Кеңес Одағынан кейін қиыншылыққа тап болған кезде, бізге алыс шетелдерге шығу мүмкіндігі пайда болды. Бұрын КСРО төңірегінде жүрсек, қазір алыс-жақын шетелдерге шығып, құс өндірісінің дәрежесі айтарлықтай жоғарылағанын байқаймыз. Мысалға, сан түрлі көрмелерге қатысып, тәжірибе алмаса отырып, біз осы үлкен мүмкіндіктің арқасында ары қарай құс шаруашылығын тоқыраудан алып шықтық. Сол кезде осы саланың беделді азаматтарымен ақылдаса отырып, республикамызда ең алғашқы «Құс өсірушілер одағын» құрдық.  Сол бір отырыста Әбілқасым Үсіпбайұлы мен Қазақстан Республикасының алғашқы премьер-министрі Сергей Александрович Терещенко ағамызбен жаңа өндірісті қолға алу мәселесі талқыланды. Сол жылдары елімізге құс етінің 80 % сырттан келіп жатты. «Неге өз елімізде осы саланы қолға алмасқа?!» деген сұрақ туындады. Нәтижесінде күрке тауық етін елімізде шығаратын болдық. Біздің бастауымызбен тұспа-тұс 2008 жылы бүкіл дүние жүзі бойынша қаржы тоқырауы басталды. Сол кезде Елбасымыз тікелей ұлттық қорданауыл шаруашылық саласын дамыту үшін  индустриалдық бағдарламаға 1 млрд АҚШ долларын бөлді. Ол үшін арнайы конкурс жарияланды.Аталаған конкурсқа қатысу үшін біз арнайы бизнес-жоспар құрып, нәтижесінде қаржы алуға қол жеткіздік. Осының арқасында 2010 жылы үлкен өндіріс дүниеге келді. Әрине,  жаңа өндірістің тұсауын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзі тікелей қадағалай отырып ашқан болатын. Сол уақыттан бері 4 жыл бойы жылма-жыл өнімнің санын артып, сәтті жұмыс істеп келе жатырмыз. Жақында өңірімізде халықаралық инвестициялық форум өткізілді. Осы форумда компаниямыздың келешектегі барлық жоспарларын жария еттік. Аталған жоспарда ең біріншіден, өнімнің көлемін 20 000 тоннаға көбейту мәселесі көрсетілді. Сонымен қатар, осы форумда Қазақстанның оңтүстік өңірінде күрке тауық өндірісінің халықаралық стандартқа сай өндіретінін дәлелдедік. Атап өтетін үлкен жетістігіміздің бірі – өндірілген өнімді ішкі және сыртқы нарықтағы халықтың тұтыну мәдениетін жоғарылаттық. Себебі, өніміміз өте жоғары сапада және бәсекеге толық қабілетті. Соның аясында осы өнімге деген сұраныс күннен күнге артуда. Мақсатымыздың бірі – өнімімізді ары қарай ұлғайтсақ, біріншіден – халықтың сұранысын қанағаттандырамыз, екіншіден – халықты жұмыспен қамтамасыз етеміз.

5 жылдан кейін компанияңызды қалай елестетесіз? Сонымен қатар қандай жоспарларыңыз бар?

Біздің алдағы мақсатымыз күрке тауық өнімін ұлғайтумен қатар, алма бағы, балық өндірісі және ауыл шаруашылық дақылдарын өсіру жоспарлануда. Себебі, құсты көбейткеннен кейін оған азықтық жем қажет. Ал ол азықтық жемді өндіруге шаруашылық кооперативтерінде игерілмей жатқан жерлер көп. Біз осы желерге тапсырыс бере отырып, алдын ала фьючерлік әдіспен төлемақы төлеп, күзде өнімдерін сатып аламыз. Осы әдісті қолға алып, жол картасын дайындадық. Сол жоспар бойынша жұмыс жүріп жатыр. Онымен қоса, айналамыздағы бізге тиесілі жерлерде жеміс-жидек сақтайтын қоймалар мен жылыжайлар салып, жұмыс орындарын көбейту жоспарымызда бар.

Өзіңізді қандай басшы деп санайсыз? Қатал? Жұмсақ? Әлде әділетті ме?

Нарықтық экономика, әр кезеңіне байланысты бірде көңілді, бірде жұмсақ, бірде қатал басшы болуды қалайды. Сондықтан да мен бүгінгі күні нарықтың талабына сай келе жатқан басшымын деп есептеймін.

Өзіңіздің қол астыңызда қанша қызметкер  жұмыс істейді және оларды қандай талаптар бойынша жұмысқа қабылдайсыз?

Бүгінгі күні қол астымда 400–ге жуық қызметкер жүмыс істейді. Оның ішінде 80%-ы ауыл жастары. Бағытымыздың бірі – жастарға тәлім-тәрбие беріп, олармен жұмыс жасау. Сондықтан мамандарды да жастардан аламыз. Олар да бар теориялық білім әрине жеткіліксіз. Сондықтан тәжірибесін осы өзімізің өндіріс орындарында және шетелдерде өткізіп, жұмысқа қабылдаймыз. Ал жұмысшыларымызға қойылатын талабымыз, біріншіден – жауапкершілігі, әдептілігі, көпшіліктің арасында өзін-өзі ұстауы, екінші талабымыз – өз ісінің маманы болуы керек.

Облысымызда орта және кіші бизнесті дамыту үшін және санын көбейту үшін не істеу керек?

Орта және кіші бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек өте жоғарғы дәрежеде. Мысалға, бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар, арнайы орталықтар, сонымен қатар 1 жыл бұрын құрылған ОҚО Кәсіпкерлер палатасының жарыққа шығарған «Кіші бизнеске арналған 100 жоба» анықтамалығы. Осы аталған көмектің барлығы өзінің ынта-жігерін танытқан азамат үшін дайын сабақ бола алады. Бүгінгі күні бизнес ашу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Осы жағдайларды жасау тікелей Елбасымыздың тапсырмасы. Оған қоса, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы тапсырманы орындау үшін қосып жатқан үлесі күннен күнге артып келе жатыр.

2015 жылдан кейін күшіне енетін Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанға не береді деп ойлайсыз?

Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Кедендік одақтың аясында Еуразиялық экономикалық одақтың құрылатыны барлығымызға мәлім. Құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың аясында біз жұмыс істеуге дайынбыз.Кедендік одақтың кезеңінде жұмыс істеп көргендіктен, жағымсыз жақтарынан жағымды жақтары өте көп деп сенімді айта аламын. Біз осы Одақтың арқасында шындалдық деп айтуға болады. Өніміміздің алғашқы шығарылған күні 2011 жылдың  11 наурызы болса, 2 айдан кейін өнімімізді экспортқа шығару мүмкіндігі туды. Себебі, өнімімізді халықаралық стандартқа сай етіп шығара бастадық. Осы Одақтың аясында бізді Еуропалық одақ пен АҚШ таныды. 2014 жылдың 9  желтоқсанындаЛас Вегас қаласында«Дүниежүзілік сапа» атты сертификат пен алтын медаль табыстауға шақырып отыр.

Жалпы елімізде Кәсіпкерлер палатасы 1 жыл бұрын құрылған болатын. Осы ұйым туралы не айта аласыз?

Елімізде Кәсіпкерлер палатасының құрылуы кәсіпкерлер үшін өте дер кезінде қабылданған оң шешім деп ойлаймын. Елбасымыздың тікелей қолдауымен құрылған ұйым болғандықтан, ол кісіге әрдайым алғысымызды білдіріп отырамын. Тікелей де  алғыс айтылды. Осы 1 жылдың ішінде ұйымның атқарылған жұмысын айқын көрсетуге болады.  Мәселен, 1 жылдық тексерулерге тосқауыл қоюдың өзі әр кәсіпкер үшін үлкен жеңіс болды. Бұл ұйымның құрылғанына шын ниетіммен қуандым.

Сіздің компанияңыз  «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген ұғымымен таныс па? Қайырымдылық шараларына қатысасыздар ма?

Әрине, таныс,олсыз болмайды. Мәселен, Созақ және Темірлан аудандарында  болған табиғат апаттары кезінде компаниямыздың тарапынан зардап шеккен отбасылар үшін үлкен көмек көрсетілді. Оған қосымша алдымызда еңбек және соғыс ардагерлері, көпбалалы ата-аналар жүреді. Ешқашан көмек көрсетуден сырт қалмаймыз. Барлық уақытта қолымыздан келгенше осы кісілермен тығыз байланыста боламыз. Ал енді өзіміздің қызметкерлерге келсек,  олардың барлық жағдайларын жасауға тырысамыз. Мысалға алатын болсақ, 400 қызметкеріміз күнделікті  жұмыс орнына арнайы көлікпен жеткізіліп, жұмыс орнында қажетті киімдермен қамтамасыз етіледі. Түскі ас та өндіріс тарапынан беріледі. Сонымен қатар, мемлекеттік мерекелер барысында әр қызметкерімізге сыйақы табыстаймыз. Компаниямыздың басты байлығы – қызметкерлеріміз. Осы азаматтардың арқасында үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз.

Сіздің әуесқойлығыңыз немесе қызығушылығыңыз барма? Бос уақытыңызда не істейсіз?

Өздеріңіз көріп отырғандай,  ТМД елдері арасында халықаралық стандартқа сай салынған 2 күрке тауық өндірісі бар. Бірі Ресейде болса, екіншісі біздің еліміздің оңтүстігінде. Осындай өндірісті салу алғашқы кезде қиынға соқты. Қазірдің өзінде сол қиыншылықтарды көріп келе жатырмыз. Сондықтан бос уақыт тіптен жоқ. Егер пайда болған жағдайда,  айналысатын жұмысым – мемлекетімізді  әрі қарай дамытатын басқа қандай амалдарды қолдануға болатынын ойластырамын. Сонымен қатар,  өндірістегі жастармен пікір алысып, оларға дұрыс бағыт беруге тырысамын.

Өзіңіздің отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

Отбасым туралы айтатын болсам, Аллаға шүкір деп бастаймын. Жұбайым өзімнің қурстасым. Техникумда бухгалтер мамандығын алып, менімен бірге 30 жылдан астам осы құс фабрикасында қатар жүріп, еңбек етіп, бас бухгалтер болды. Қазіргі таңда зейнеткерлік демалысқа шықты.  5 ұл-қызымнан – 5 немереміз бар.Ұлым әкесінің жолын қуып, кәсібіме қабат келе жатыр. Шетелде білім алып, ғылым кандидаты атанды. Ал қыздарым тұрмыс құрған. Отбасымыз бақытты әрі бірлікті.

Өзіміздің сұхбатымызды аяқтай келе, соңғы сұрағым бар. Сіздің жетістігіңіздің құпиясы неде деп ойлайсыз?

Менің ойымша, оны құпия деп те айтуға болмайды. Жетістікке жету үшін адамның бойында екі қасиет болу керек. Олар: ерінбеушілік пен ізденімпаздылық. Сонымен қатар, мамандық таңдауда қателік жасамау керек. Әр адам дұрыс таңдау жасап, өз мамандығын құрметтей білсе, үлкен жетістіктерге жетеді. Өзіме келетін болсам, мамандығымды сүйемін және осы мамандықтың шыңына жету үшін күнделікті ерінбей, қиыншылықтарға мән бермей, тек қана алға қарай жылжимын.

 

Ақпарат көзі: Kasipker.info

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған