Йоханес Мадсен: Су үнемдеуді балаларға үйретуден бастау керек

24 тамыз күні Алматы облыcы Еңбекшіқазақ ауданында Еуропалық Одақ, БҰҰ Даму бағдарламасы және БҰҰ Еуропа Экономикалық комиссиясының «Қазақстанның жасыл экономика моделіне өтуін қолдау» біріккен жобасы аясында «Аймақтарда су инфрақұрылымын тиімді басқару» пилоттық жобасының ресми ашылу рәсімі өтті. «Жасыл экономиканың» бір бөлшегі ретінде су үнемдеу және ауыз су сапасын арттыруды көздейтін мамандар жиналған шара барысында Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің Ынтымақтастық бөлімі Басшысы Йоханес Стенбаек Мадсенмен тілдескен едік.

 

-Йоханес мырза, ең алдымен жоба туралы толыққанды айта өтсеңіз…

Қазақстан үшін аймақтардағы су инфрақұрылымын тиімді басқару қазіргі таңда өте маңызды болып отыр. Соңғы жылдары БҰҰ Даму бағдарламасының «Жасыл экономика моделіне өту» жобасы аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Ал, «Аймақтарда су инфрақұрылымын тиімді басқару» пилоттық жобасы бұған дейінгі іске асқан шаралардың жалғасы деп айтуға толық негіз бар. Себебі, біз осы жоба арқылы су инфрақұрылымын тиімді басқару саласында «жасыл» технологияларды Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылы үлгісінде практикалық түрде қолдануды көрсетуді мақсат еттік. Аталмыш жоба Ақши ауылы білім беру мекемелеріндегі шамамен 1000 баланы ауыз су және ыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кері осмосты су тазалағышты орнату суды түрлі қоспалардан, химиялық қосындылардан, ауру тудыратын бактериялар мен вирустардан сүзіп, тазартады. Балалар тазартылған әрі қажетті минералдармен байытылған суға қол жеткізеді. Ал, су жылытатын гели қондырғысы балаларды күн энергиясы есебінен жыл бойы ыстық сумен қамтамасыз етеді. Мұның өзі мамандардың есептеуінше негізгі қажеттіліктің 70 пайызын жабады екен. Сонымен қатар, су ресурстарын ысырап етуге жол бермес үшін, яғни, оны тұтыну деңгейін төмендетіп, қайнар көздердегі сарқынды суларды азайту үшін су үнемдеу технологияларын орнатылған. Мектепте су ресурстарын қайтара пайдалану үшін су жинағыш-тоғандарда сарқынды суларды тазартып, шоғырландыратын биологиялық тазарту жүйесі енгізілген. Ал өңделген су жылыжай кешеніндегі жас көшеттер мен көкөніс дақылдарын суғаруға кетеді.

-Неліктен Ақши ауылы таңдалды?

Аймақтарда жұмыс істеу – біздің стратегиямызда шешуші элемент. Біздің жоспарымыз – аймақтармен, оның ішінде Алматы облысымен түрлі даму банктері арқылы жаңа форматта жұмыс істеу. ЕО қаржылық қолдауы арқылы жүзеге асқан бұл жоба – жасыл экономика саласындағы жобаны жүзеге асырудың табысты үлгісі. Ақши ауылын таңдаған себебіміз, бұл өңірдің жерасты суларының мөлшері тым жоғары. Яғни, жаңбыр жауған кезде бұл ауылда аяқ алып жүру мүмкін болмай қалады. Бір жағынан әлеуметтік нысандар, әсіресе, білім беру мекемелерінің ғимараттары жыл сайын жаңбыр суынан көп зардап шегеді екен. «Аймақтарда су инфрақұрылымын тиімді басқару» пилоттық жобасы енді ғана іске қосылғанмен, жуық арада оң нәтижесін беріп қалар деген сенімдеміз.

Жалпы алғанда, жоба аймақтарда су ресурстарын рационалды түрде қолдану мен су инфрақұрылымын тиімді басқару саласында заманауи «жасыл» технологияларды, мәселен,  коллекторлы-дренажды желіні іске асыру мен оның тәсілдерін көрсетті. Бұл тәжірибені Қазақстанның аграрлы-индустриялды дамуы мақсаттарына да «дайын» шешім ретінде пайдалануға мүмкіндік бар.

 

-Коллекторлы-дренажды желінің ауыл тұрғындарына қандай пайдасы бар?

4,7 шақырымға дейін жүргізілген коллекторлы-дренажды желісі 122 га ауқымды жер мен Ақши ауылы ғимараттарын су басып қалу қаупін азайтуға, яғни, Қазақстанның көптеген ауыл тұрғындарына таныс көкейтесті мәселені шешуге мүмкіндік берді. Жоба реставрацияланған дренажды желінің ақаусыз жұмысын жұртшылықты ауыз су инфрақұрылымын басқаруға жұмылдыру арқылы қол жеткізді. Ақши ауылында енгізілген бизнес-модель дренажды желіні ұстап тұруды қаржыландыруды жеке капитал есебінен жүзеге асыруды көздейді. Жергілікті тұрғындарды «Жарсу фермерлерi» су кооперативіне жұмылдырып, кооперативтің су жинағыш-тоғандарда жылыжай бизнесін құруын қолдап, кірістің бір бөлігін дренажды желіні ұстап тұруға бағыттау арқылы осындай инвестициялар тартылды.

-Қазақта «Сырт көз – сыншы» деген қанатты сөз бар. Сіздіңше, Қазақстан «Жасыл экономика» моделіне толықтай өтуге дайын ба?

Егер сөзіме сенсеңіз, біз, яғни, Еуропалық Одақ Қазақстанды келешек дамудағы өте маңызды стратегиялық серіктес ретінде мойындаймыз. Бәлкім, БҰҰ Даму бағдарламасы осындай жері кең, климаты әр өңірінде әртүрлі құбылып тұратын мемлекетті алғашында «Жасыл экономикаға» көшуге үндеген кезде күмән болған шығар. Бірақ, Қазақстан Үкіметі мен жергілікті басқару органдары, тіпті, қарапайым тұрғындардың өзі экологиялық бизнес-модельді бір түсініп алғаннан кейін оның пайдалы екеніне көз жеткізді. Қазақстан «Жасыл экономика» моделіне толықтай өтуге дайын ба дейсіз, бұл сұрақты бұдан екі-үш бұрын қойсаңыз, тосылып қалар ма едік, кім білсін? Алайда, «ЕХРО-2017» Халықаралық көрмесінің Астана қаласында әрі «Болашақ энергиясы» тақырыбында өтуінің өзі Қазақстанның «Жасыл экономикаға» өтіп, ендігі көш түзеп келе жатқанының белгісі деп ойлаймын. Ғалымдарды, билік өкілдері, бизнесмендер, өзге де мамандарды былай қойғанда, жасөспірімдер мен балалардың жасыл технологиялар туралы мүдірмей айтып беруі – болашақта Қазақстанның «Жасыл экономика» моделіне толықтай өтетінін көрсетеді. Бір айта кететіні, осындай жобаларға балалардың да араласуы, жасыл технологияларды мектеп оқушыларына насихаттай алғанымыз қуантады. Өйткені, табиғатты қорғауды, оның ішінде таза ауыз суын тиімді әрі үнемдеп пайдалануды балаларға үйрете алсақ, таяу келешекте «тіршілік нәрінің» жоғалып немесе азайып кетпеуіне кепіл бола аламыз.

-Емен-жарқын әңгімеңізге мың алғыс!

Сұхбаттасқан – Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған