Қайрат Нәбиев: «Апаттық су қоймаларын қалпына келтіріп жатырмыз»

«Қазсушар» РМК Өскемен филиалының басшысы Қайрат Нәбиев Su24.kz сайтына өңірдегі су саласына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мен өзгерістер туралы сұхбат берді.  

-Қайрат Қасымұлы, қазақта «Рубасы болма, су басы бол» деген мақал бар. Сол өсиетті орындау сіздің маңдайыңызға жазылыпты. Су басы болудың қандай машақаты бар? Шығыс Қазақстандай сулы да, нулы өңірде жұмыс істеу несімен қызық, несімен ауыр?

-Машақатсыз жұмыс болушы ма еді? Бұл саланың да өз қызығы мен шыжығы бар. «Қызығы» деп тұрғаным, кенезесі кепкен далаға су жеткізіп, оның гүлденгенін көру үлкен қуаныш сыйлайды екен. Ал шыжығы деп отырғаным жұмыс барысындағы көлденең кедергілер ғой. Бүлінген дүниені қалпына келтіру оңай шаруа емес. 1997 жылдан бері біздегі гидротехникалық құрылыстардың бәрі жаппай тонауға түсіп, сағатша сақылдап тұрған суару жүйесі істен шықты. Енді соны қайтадан қалпына келтіріп жатырмыз. Апаттық жағдайдағы су қоймалары және бар. Осының бәрін ретке келтіру үшін уақыт керек. Бірақ, бұл мәселе Шығысқа тән деуге келмейді. Жалпы республикаға тән жағдай бұл. Мемлекет соңғы жылдары суармалы алқаптарды игеруге көп күш салып жатыр. Ондай қолдау тұрған кезде су саласында жұмыс істеу өткел бермес қиын шаруа деп айтудың өзі күнә.

-Суармалы жерді елдің игілігіне жарату, егіс даласына су жеткізіп беру – сіздердің негізгі міндеттеріңіз. Сол міндетті қай деңгейде атқарып жатырсыздар? Соңғы 4-5 жылдың көлемінде Шығыстағы суармалы алқаптарды игеруге миллиардтап қаражат шығындалғанымен, қаңсыған егістіктерге қан жүрмей тұр. Оның себебі неде?

-Оның себебі көп. Санасаңыз, саусағыңыз жетпеуі мүмкін. Соңғы жылдары суармалы алқаптарға қыруар қаржы құйылғаны жасырын емес. Соның ішінде Су ресурстары комитетінің Шығыс Қазақстанға деген назары ерекше. 2014 жылдан бері облыс бойынша 19072 гектар алқапты қамтитын магистралдық канал жүргізілді. Үржар ауданының Егінсу, Келдімұрат, Құсақ өзендерінен, Тарбағатай ауданының Тебіске, Базар өзендерінен, Зайсан ауданының Жеменей өзенінен қайта канал тарту үшін 5,8 млрд теңгені иегрдік. Қолданысқа берілгеніне екі жыл болса да, 14780 гектар алқап әлі игерусіз жатыр. Бұл қаржы бір-екі жылдың ішінде қайта салмайды. Бағдарлама жемісін беру үшін уақыт пен жүйелі жұмыс қажет. Ең әуелі адамдардың санасына өзгеріс қажет. Біздің халықтың басым бөлігі суармалы жерді табыс көзі деп қарамайды. Кейбір қызығушылық танытқандардың өзі оны малының жемшөп базасын нығайту үшін ғана игеруде. Статистикаға сенсек, 1 гектар суармалы жерден бір маусымда 1 млн теңге таза пайда көруге болады.Соған халықтың көзін жеткізу үшін Тарбағатай ауданының әкімдігі оңтүстік өңірлерден қандастарымызды тартуда. Осы істі баянды жалғастырсақ, жергілікті халықтың назарын да жер игеруге бұрамыз деген үміт бар.

-Не өзі игермей, не өзгенің игілігіне бермей отырған суармалы жер иелерін масылдықтан қалай арылтпақшысыздар?

-Бұл тұрғыда Су ресурстары комитетінің ұстанымы айқын. Біз сол ұстаным бойынша жұмыс істейтін боламыз. Комитет «Жер» кодексіне осы мәселені реттеу бойынша өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Ол ұсыныс мақұлданса, жергілікті аудан әкімдері игерілмей жатқан алқаптарды қолынан іс келетін, ниеті оң шаруаларға беруге құқылы болады. Ұсыныс заңға енсе, масылдыққа бой алдырған жер иелері тәубесіне түсетін болады.

-Суармалы жерді игеру қарапайым шаруаға қандай артықшылықтар береді? Мемлекет тарапынан субсидяилар мен жеңілдіктер түрінде қандай қолдау көрсетілуде?

-Айтып оттырған мәселеңіз өте өзекті. Былтырға дейін көкөніске төленетін субсидия гектарға қарай есептелетін. Бұл Тарабағатай өңірінде көкөніс егіп бастаған шаруаларға әжептәуір стимул болды. Әр гектарға 40 мың теңге төленуі олар үшін жақсы көмек-тұғын. Ол жүйе қазір жоқ. Жеке пікірім бойынша, сол жүйені тағы 2-3 жылға соза тұру керек еді. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. Мемлекет тарапынан басқа да қолдаулар бар. Сондықтан ерінбей еңбек еткен адамға суармалы жердің берері көп.

Облыстағы ауылшаруашылық мақсаттағы су қоймаларының қаншасы апаттық жағдайда? Олардың қалпына келтіру бойынша қандай шаруалар атқарылуда?

Бүгінгі күнге «Қазсушар» РМК ШҚФ бойынша 6 апатты су қоймасы мен су тораптары бар. Қазіргі уақытта жобалық ұйымдар жобаларды одан әрі жүзеге асыру үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде. Бүгінгі күнге 7 нысан қызмет етуде.

-Облыс бойынша жүздеген гидротехникалық нысан бар. Соның бәрін сұқ көздер мен сұғанақ қолдардан қорғауға мамандарыңыздың саны жете ме? Қазіргі су саласында жұмыс істеп жүрген қарапайым қызметкердің еңбекақысы отбасын асырауға жеткіліткі ме?

-Сіздің қисынға салар болсақ, жүздеген шақырымдарға созылып жатқан каналдарды күзету үшін әр шақырымға бір адам қою қажет болар еді. Ондай жұмыс тиімсіз, әрине. Сіз айтқан ұрлық фактілері жоқ емес, бар. Олардың алды ұсталып та жатыр. Ұрының алыстан келмейтіні белгілі ғой. Ең бастысы халық суармалы жердің ортақ игілік екенін түсінуі қажет. Осында өсірілген көкөніс ертең қолжетімді әрі табиғи өнім ретінде өз алдына келеді. Ал егер оңай табысқа қызығып, тартылған каналды талан-таражға сала берсе, сырттан келген қымбат өнімге кіріптар күйде қала береміз.

Біздің мекемеге жұмысқа сұранушылардың саны артып келеді. Соған қарағанда, ұсынып отырған еңбекақымыз ауыл тұрғындары үшін тартымды сияқты. Ауылды жер үшін 90-100 мың теңгені қолға алу жақсы жалақы саналады деп есептеймін

-Су саласына жолыңыз қалай түсті? Сәл шегініс жасап, осы қызметке қалай келгеніңізді айтып берсеңіз.

-Мені су саласын тасқын «ағызып» әкелген. 2010 жылы Тарбағатай ауданының Жәнтікей және Көкжыра ауылдарында қатты тасқын жүргені есіңізде болар. Ол тұста мен аудандық мәслихаттың депутаты болатынмын. Ал Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әлмаханұлы Әбішев тасқын салдарын жою жөніндегі жұмыс тобын басқарды. Мені Өскеменге шақырып, Жәнтікейдегі қираған үйлерді қалпына келтіру ісіне бас мердігер ретінде қатысуымды сұрады. Ұзақ ойланып келістім. Өте жауапты шаруа болатын өйткені. Жұмысшылардың көбін ауылдың өзінен алғандықтан, үйді уақытында әрі сапалы етіп тапсырдық. Кейін де ешқандай шағым болған жоқ. Сол кезде көзге түссем керек, биыл наурыз айында осы мекеменің филиалына басқару туралы ұсыныс айтты. Осылайша тасқынды ауыздықтаудан басталған іс мені жаңа салаға әкелді. Әйтпесе негізгі мамандығым құрылыс саласымен байланысты. Ол білімім мұнда да пайдасын тизігіп жатыр. Өйткені, облыста салынып, жөнделетін нысандар әлі де көп.

-Ашық әңгімеңізге рахмет!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған